Кеңес Одағының батырларына арналған 70 фильм түсіріліп жатыр
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің жетекшілігімен өткен Жеңісінің 70 жылдығын мерекелеуге арналған селекторлық кеңесте айтылды. Сондай-ақ партия осыған орай қазақстандық Кеңес Одағының батырларына арналған 70 фильм түсіруде.
Бұл – Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай түсірілген «Қазақстандық қаһармандар» атты 100 бейнероликтің алғашқысы. Кеңес Одағының батыры, дарынды қолбасшы Бауыржан Момышұлына арналған. Көзсіз батырлығымен көзге түсіп, ерлігі елге ұран болған қаһармандарымыз жайлы роликтер бүгіннен бастап 100 күн бойы отандық телеарналардан көрсетіледі. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Жеңістің 70 жылдығына арнап қазақстандық Кеңес Одағының батырлары жайында 70 фильм түсіруді қолға алды. Бұл туралы бүгін Ұлы Жеңісінің 70 жылдығын мерекелеуге арналған селекторлық кеңесте «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек айтты.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары
-Атқарылар жұмыстың мәні – тағзымды тәлімге ұластырып, Елбасы саясатының, Тәуелсіздіктің арқасында соғыс көрмеген бақытты ұрпақты елдегі бейбіт өмірді, келісім мен бірлікті көздің қарашығындай сақтауға қашанда даяр болуға тәрбиелеу.
Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында Ұлы Жеңістің 70 жылдығын салтанатты жағдай мерекелеудің маңыздылығын атап өтіп, ешбір ардагер назардан тыс қалмайды деген болатын. Сондықтан ардагерлерге құрмет көрсетіп, жастарды отансүйгіштікке баулу – «Нұр Отан» партиясының маңызды бағыттарының бірі.
Партия 2014 жылы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын іске қосты. Шара аясында 5 мыңнан аса соғыс ардагерінің өмір сүру жағдайына зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде 10 мыңнан аса өзекті мәселе анықталып, олардың 9 мыңы өз шешімін тапты.
Светлана Жақыпова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі
-Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 14 түрлі көмек көрсетіледі. Олардың ішіне бір жолғы берілетін жәрдемақы, шипажайлар мен курорттарда емделу, тістерін протездеу және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сияқты әлеуметтік көмек түрлері кіреді. Бұл мақсаттарға бюджеттен 4 млрд 700 млн теңге бөлінді.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы ардагерлер кеңесімен бірігіп, Кеңес Одағының 531 батыры мен 124 Даңқ ордені кавалерлері туралы ақпаратты қалпына келтірді. Қазақстандық Кеңес Одағының батырлары туралы энциклопедияны қайта басып шығарды. Бұдан өзге партия жеңіс тойы қарсаңында Kaharman.kz сайтын іске қоспақшы. Сол арқылы ата-бабаларымыздың ұлы ерлігін дәріптеп, жастарды отансүйгіштікке баулып, қоғамдағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен келісімді одан әрі нығайтуды көздеп отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Мейрамбек Ахмаханов