Ғасыр жасаған батыр жастарға бата берді
Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Солтанбай Жарықбасов 100 жасқа толды, деп хабарлайды 24KZ.
Жыл сайын туыстары мен ауалдастары ақсақалдың туған күнін Жеңіс күнінде атап өтуді игі дәстүрге айналдырған. Бүгін ақсақал тұратын Алға ауылында мерекелік шара өтті.
Солтанбай Жарықбасов майданға аттанбас бұрын Ташкенттегі мергендер курсында оқиды. 1943 жылы сәуір айында әскерге аттанған. Жапондықтарға қарсы соғысқан сарбаз Забайкал майданындағы 25-ші қызыл тулы механикаландырылған бригаданың құрамында пулемет бөлімшесінің командирі болған. Соғыстан кейін елге оралып, Алға ауылындағы орта мектепте ұстаз, кейін мектеп директоры қызметін атқарады. Аяулы жарымен ұл-қыздарын өсіріп, 60 тан астам немере, шөбере, шөпшек сүйді.
Ержан Жарықбасов, соғыс ардагері С. Жарықбасовтың ұлы:
- Үлкен әулет. Бәрі оқыған. Бәрінде жоғарғы білімдері бар. Оқуға түскен. Еңбекке де құмар. Осы біздің әкеміз біздің ауылда ақсақал төрағасы болып пенсияға шыққанда көп қызмет істеді. Елдің арасында жүргенді жақсы көреді. Біз тұрған саябағымыз, саябақтың басын әкем бастады.
Солтанбай Жарықбасов облыс пен өзі туып өскен Еңбекшіқазақ ауданының дамуына көп үлес қосты. Мерекелік іс-шарада ауылдастары ғасыр жасаған қарияны құттықтап, ақжарқын тілектерін арнады. Мектеп оқушылары сахналандырылған көрініс қойды. «Соғысты ұрпағым көрмесін. Заманымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын», – деген майдангер жас ұрпаққа батасын берді.
Солтанбай Жарықбасов, соғыс ардагері:
- Алдағы мақсат әрі осы жиналып отырған жастар келешекте Қазақстанның көркеюіне, соны әрі қарай дамуына өз үлесін қосады деп сенемін.
Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Солтанбай Жарықбасұлының 100 жасқа толу құрметіне орай алғаш рет шағын футбол, асық ату мен қыздар арасында волейбол турнирі ұйымдастырылды. Үздік ойыншылар мен командалар алғысхаттар және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Авторлары: А.Садуақас, Ә.Нарымбаев.