Қ.Кенбаевқа Беларусь президенті А.Лукашенконың атынан мерейтойлық медаль табысталды
Отты жылдарды 1939 жылы 18 жасында фин соғысынан бастаған майдангер Берлинге дейін жетіп, елге 1946 жылы бірақ оралыпты. Ұзақ жылдар ұстаздық етіп, өмірлік жары Әтина әжей екеуі балаларынан 14 немере, 18 шөбере өрбітіп отыр.
Туған күнін жылда жақындарының ортасында қарсы алатын Қабдынасыр ақсақал биыл да дәстүрінен жаңылған жоқ. Алғаш боп шөбересі Әкежан құттықтады. 95 жасқа қадам басқан қарт майдангер сұрапыл соғыс жылдарын күрсіне еске алады. Өзі туып-өскен Шар ауданындағы колхоз ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласқан ол 18 жасында азаматтық борышын өтеу үшін Ленинград әскери округіне аттанады. Ұлы Отан соғысы басталғанда командирлер мектебін ойдағыдай тамамдап үлгеріпті. Қанды қырғынды Карел майданынан бастайды. Ерекше тапсырмадағы барлаушылар тобын басқарған жас командир: «Алдымен өзім үшін емес, өзге сарбаздардың өмірі үшін алаңдадым», - дейді.
Қабдынасыр Кенбаев, ҰОС ардагері
-Барлау бөлімінде болғанда, кукушкалар болды. Соларды біз білмедік қой, талдың басында отырады да, бізді атады. Ал қай жақтан атқаны білінбейді. Приборлары бар, винтовка, автомат солардың бәрі автоматически болғанда, дауысы бөлек. Қорқып тұрасың, жүрегің лүпілдеп тұрады, бірақ білдіртпейсің соның бәрін.
Лейтенант Кенбаев бірнеше тапсырманы сәтті орындап, сарбаздарының да өмірін сақтап қалды. Жанқиярлық ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. 88-ші атқыштар дивизиясына қарасты взвод, рота, батальон командиріне дейін жоғарылап, Жеңісті Берлинде қарсы алды.
«Бізді бұл шайқаста алдыға жетелеген бірлік қана, қаншама ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай тату болғандықтан, жау іргемізді сөге алмады», - дейді қарт жауынгер.
Бүгінде Әтина әжей екеуі жас ұрпаққа: «Бейбіт күннің қадірін біліңдер, отандарыңа адал қызмет етіңдер», - деп айтудан жалыққан емес.
Серікбай Маусымбаев, академик
-Жеңісті бір қадам болсын алдыға қарай жылжытып отырған біздің ата-анамыз. Міне өзіміз де ұстаздық қызметті атқарып жатырмыз. Үлкен қызы Ләйла Насырқызы ол да ұстаз, профессор, мен де профессор. Ойлаймыз, осы әке-шешеміздің арқасында деп.
Ұлы ұяға, қызы қияға қонған Қабдынасыр ата мен Әтина әжей үшін биылғы жылдың орны ерекше. Ұлы Жеңіс пен отауларының 70 жылдығын қатар қарсы алмақ қазыналы қариялар.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов