Майдангер Борамбаевтың айтары көп
Ал қарт майдангердің жастарға айтар ақыл-кеңесі мен бұрынғы десантшы ретіндегі тәжірибелік дәрістері өзінше қызық.
Майдангер Хасан Борамбаевтың десантшылармен бұл жолғы кездесуі бұрынғыдан өзгеше болды. Жауынгерлік жорық жолдарын картадан көрсетіп, жастарға бастан кешкен оқиғаларын баяндап берді. Ондаған мың шақырымға созылған бұл жолда талай қиындықтар болыпты. Алдымен Қиыр Шығыста дайындықтан өткен. Кейін 25 десанттық-гвардия полкінің құрамына алынған. Сосын Украина жерінде соғысқан. Венгрия, Румыния, Австрия, Чехословакияны азат етуге қатысқан. Хасан Хисматұлы соғыс соқпақтарымен жүріп, талай оқиғалардың куәгері болған. Есінде ерекше сақталғаны 1943 жылдың желтоқсан айында Кировоград облысының Федоровка деревнясында болған қауіпті жағдай. Айналаға барлау жасау үшін тапсырма алған. Әлден уақыт өткенде қолға түседі. Көзін ашып қараса, СС офицері қасында дікеңдеп тұр. «Өлген жерім осы шығар»,- деп ойлаған десантшы әлгі офицермен жағаласа кетеді.
«Анау да мәрт екен, қайсарлығымды бағалап босатып жіберді. Егер аяғына жығылып жалынғанымда, атып тастауы мүмкін еді. Өйткені қорқақ адам кімге керек?!», - дейді ол. Жастардың жігерін жанитын мұндай әңгімелер Хасан ағада жеткілікті.
Хасан Борамбаев, ҰОС ардагері
-Өздеріңе мықты болыңдар, сезімді болыңдар, білім алып, тырысыңдар. Өздеріңнің ар-намыстарыңды сақтауға тырысыңдар. Ешуақытта өзіңді төмендетпе.
Хасан Хисматұлы соғыстан қайтқаннан кейін білім саласында еңбек етіп зейнеткерлікке шыққан. Шартарапта шәкірттері бар. Кездесуге шақырылған жердің бәрінде жастарға ақыл-кеңесін айтады. Отаншыл болуға баулиды. Десантшылармен жүздесуде де парасатты ойларын ортаға салды.
Жандос Тазабеков, батальон командирінің орынбасары
-Қазақта мақал бар ғой «Көп білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» деген. Сол міне өзінің Ұлы Отан соғысында болған барлық бастан кешкенінің бәрін айтып, бізге түсіндіріп берді. Болашақта мұндай кездесуді тағы да жалғастырамыз деп сенеміз, сендіреміз.
Хасан Борамбаев - «Қызыл Жұлдыз» және І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің иегері. Бірнеше медальдармен марапатталған. Соғыста бастан кешкендерін баяндап екі кітап жазған. Бүгінде тағы бір шығармасын аяқтап қалды.
Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Олжас Байбосынов