Алматы облысында инклюзивті лагерь ашылды
Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағасында ерекше балаларға арналған инклюзивті лагерь ашылды. Онда еліміздің барлық өңірлерінен 200 бала ата-анасымен бірге келіп тынығады.
Жобаның мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту, олардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдесу және ата-аналарына психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету.
Балалар мен жасөспірімдер 7 күн бойы көл жағалауында 5 кәсіби жаттықтырушының жетекшілігімен бочча, теннис, футбол, корнхол және садақ ату сияқты спорт түрлерімен айналысады. Ал ата-аналарға түрлі тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылады.
Нұрқия Кеңесханқызы, демалушы:
- Біз немеремен Балқаштан келдік, Қарағанды облысынан. Бірінші рет келіп жатырмыз. Әсеріміз жақсы, бізге ұнайды. Спорттық жарыстар болады, балалармен кездеседі спорт бойынша.
Әлфия Әдиева, әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры:
- Бұл біздің қордың авторлық партнерлармен бірге жасақталған авторлық жоба деуімізге болады. Өйткені ерекше балалар үшін біздің елде мұндай толыққанды лагерлік бағдарламалар немесе лагерлік зоналар жасақталмаған. Бірақ біз өткен жылы тәуекел деп бастап көрдік. Өткен жылы өте нәтижелі көрсеткіштер көрсетті.