Хабар телеарнасы

Алматы облысының Ұйғыр ауданында 4 тұрғыннан күйдіргі анықталды

Науқастар аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр. Осы оқиғаға байланысты жедел штаб құрылып, Ұйғыр ауданындағы Үлкен Ақсу ауылдық округі індет ошағы ретінде жарияланды. Өйткені ауыл тұрғындарының бірі ветеринариялық құжаттарды рәсімдеместен, ауру малды сойып алған. «Қалған үш науқас күйдіргіні қарасанмен ауырған малдың етін жеу арқылы жұқтырды»,- дейді мамандар.

Қазір індет ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр. Инфекцияны жұқтыру қаупі бар 21 адам анықталып, медициналық бақылауға алынды.

Абат Ахметов, Алматы облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- 22 тамыз күні мал иесі Абдуллаев өзінің сиырын мәжбүрлі түрде сойып алды. Ол жердегі ветеринария қызметкерлеріне хабарламаған және де ол жануарға 12 тамыз күні осы ауруға қарсы вакцинация салынған. Яғни бұл жерде егілгеннен кейінгі 14 күндік бақылау режимі сақталмай отыр. 1 қыркүйек күні патологиялық материалдың сынамалары іріктеліп алынып, Алматы облысының ветеринариялық зертханасына зерттеуге жіберілді. Нәтижесі әлі анықталған жоқ.

Мүсілім Сағадиев, Алматы облыстық СЭБ департаменті басшысының орынбасары:

- Науқастармен байланыста болған 21 адам анықталды. Олардың барлығы медициналық бақылауға алынды. Ауруханада тиісті ем-шараларын қабылдап жатыр. Ұлттық сараптама орталығы жем, топырақ, көң және ет қалдықтарынан 43 түрлі сынама алды. Қазір зертханада сараптамалық жұмыстар жүріп жатыр.