Қайырымдылық: алаяқтарға тап болмаудың жолы қандай?
Сенім кетті. Айтпағымыз, қайырымдылық қорларының жайы. Табиғи апаттан зардап шеккендерге миллиардтап жиналған қаржы талан-таражға түсті. Содан бері қазақстандықтар қайырымдылық қорларына сескене қарайды. Ал мұқжатдарға көмектескенде, алаяқтарға тап болмаудың жолы қандай? Нені ескерген жөн? Қайғыдан пайда тапқандармен қалай күресеміз?
Гүлжаухар Айдарханқызы ұлы Бахтиярдың алғашқы сөздерін естуді армандайды. Сал ауруына шалдыққан балақай аяғын нық басса да, емге мұқтаж. Ал оған қажет миллиондаған теңге отбасын тығырыққа тіреп отыр. Сондықтан көмек сұрап, блогерлерге жүгінуден басқа амалымыз болмады, - дейді анасы.
Гүлжаухар Айдарханқызы, қала тұрғыны:
- Сбор жасаймын, - деді. Бірақ біздің келіскеніміз – ол кезде бізде ақша бөлу деген жоқ болатын. Ол кезде бізге айтты да, жолға ғана ақша төлейсіздер. Мен жарайды дедім. Ана бала үшін не істемейді? Жолына төлеп берейік дедім. Сосын сборымыз ақша жинап-жинап келгенде, 1,3 млн болған кезде сөздері өзгере бастады. Орта-ортадан бөлеміз деп. Мені қорқытып, сондай-сондай нәрселер болды.
Осылайша Қабденовтер әулеті қайырымдылық қорларына нанудан қалды. Бахтиярға әлі де ем керек. Бірақ ата-анасы ендігіде қор аштыруға батпайды. Тағы да алданамыз ба, - деп қорқады.
Елімізде қайырымдылық қорларына қатысты сенімсіздік артып келеді. Қаржы мониторингі агенттігі ұсынған деректерге сәйкес, былтырғы жылы мұндай ұйымдардың үштен бірі алаяқтық әрекетермен айналысқан. Қазақстандықтар оған 2 миллиард теңге аударған, - дейді. Биыл бұл сомма тек еселене түсті.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
- «Қайырымдылық туралы» Заң 2015 жылы қабылданса да, оны бақылайтын, оның жұмысын реттесетін органдар туралы нақты ақпараттар берілмеген. Ал АҚШ-та арнайы федералды жүйе бар. Бизнес федерациясы деген бар. Осындай бюролардың барлығы да қайырымдылыққа берілген қаражаттың ең соңғы центіне дейін діттеген жеріне жеткендігін қадағалайды екен.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да қайырымдылық жасау тетігін жетілдіру керектігін мойындайды.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Қайырымдылық мақсатында қаржы жинау тетігін реттеу мәселесі азаматтық қоғамның қатысуымен кеңінен, жан-жақты талқылануы тиіс. Қазір жұмыс тобы құрылды. Ұсыныстарды жинап, сарапшылардың пікірлерін зерделеп жатырмыз.
Дана Әлиева, тілші:
Ал жүйе жетілгенше, алаяқтар құрығына тап болмас үшін бірнеше сақтық шараларын ұстануға тура келеді. Біріншіден, қор туралы ақпаратты мұқият тексерген жөн. Ресми тіркелгендерін eGov сайтынан табуға болады. Әсте, есептілікті де назардан тыс қалдырмау керек. Әр азамат қаржы қайда жұмсалғанын сұрап білуге құқылы.
Аружан Сәдуақас, заңгер:
- Кез келген азамат қайырымдылық қорына ақша жіберген болса, ол өз чегі негізінде сұрай алады. Сіз отчетты маған беріңіз қаржылық. Қайда кетті, не себепті, - деп. Олар беруге міндетті. Бермесе, мұндай кезде ҚМА бар, соған шағымдануға болады.
Қайырымдылыққа деген сенім қайта орнығуы үшін әділ жүйе мен қоғам мұқияттылығы қажет. Сонда ғана Гүлжаухар сияқты жандар уайымнан арылып, халық тарапынан көрсетілген көмекті толық көлемде ала алады.
Дана Әлиева, Мерей Талап