Шымкентте көкпардан ел біріншілігі аяқталды. Спорт жаңалықтары

  • 9
  • 13.10.2025, 19:50

Тақымы мықты жігіттердің тартысына тәнті болған жанүйерлердің бір апта бойы әбден айызы қанды. Іріктеуден іркілмей өткен төрт команда өзара жүлделі орындарды сарапқа салды. Алаң иелері жартылай финалда сыр елінің көкпаршыларымен жолығып 11:3 есебімен жеңісе жетсе, жамбылдықтар Астанадан айласын асырып кетті. Осылайша финалда Шымкент пен Жамбыл көкпаршылары жолығып, Нұрдәулет Момынов баптайтын жамбылдықтар 15 дүркін ел чемпионы атанды. Мамандар ұлттық біріншілік барысында көкпарға біраз жаңашылдық енгізді. Яғни аттарға чиптар орнатылып, арнайы электронды база құрылды. «Бұл жарыстың барынша ашық және әділ өтуіне көмектеседі»,– дейді мамандар. 

Сондай-ақ алдағы уақытта көкпардан ел чемпитонатының жарыс ережесінде де біраз өзгерістер болмақ. Яғни бұрынғыдай әр топтан бір ғана команда емес екі команданың жарысты жалғастыратын мүмкіндігі болады. 

Көкпар аттарын дайындау мәселесі де күн тәртібіне кірді. Жасыратыны жоқ қазір командаларымыз аттарды көбіне қырғыз елінен әкеп жатады. Енді өз аттарымызды дайындау жөнінде де бірқатар жұмыс жасалатын болады.

Самбошылар Индонезиядан олжалы оралды

Индонезияда самбодан жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі аяқталды. 3 күнге созылған дүниежүзілік додаға 34 мемлекеттен 377 үміткер қатысқан болатын. Қазақ елінің өрендері намысты қолдан берген жоқ. 2 алтын, 9 күміс, 7 қола жүлде жеңіп алған жерлестеріміз жалпы командалық есепте Ресейді алға жіберіп екінші орыннан көрінді. Жарыстың екінші күні 98 келі салмақта жасөспірімдер сайысында Алшынбек Абылайхан қарсыластарын қоғадай жапырып әлем чемпионы атанса, жастар арасындағы спорттық самбодан Дінмұхаммед Дінисламовта жеңіс тұғырының ең биік сатысынан орын сайлады. Өз шеберліктерімен көзге түскен Руслан Сейдуалиев пен Ғаламат Алпысбай және Ақжібек Ұзақбаева мен Мейрамбек Мейрамғали сондай-ақ Данияр Қалмағамбетовтерге финалда сәл ғана сәттілік жетіспеді.  

Астанада семсерлесудің шпага түрінен халықаралық турнир өтті

«Мықтылар жарысы» деп айдар тағылған сайысқа Орта Азия елдерінің кіл мықтылары қатысты. Негізгі тартыс қазақ пен өзбек спортшыларының арасында өрбіді. Жергілікті жанкүйерлер алдында жерлестеріміз намысты қолдан берген жоқ. Жарыстың бірінші күні ерлер арасында Алексей Касаткин топ жарса, Кирилл Проходов пен Эльмир Әлімжанов екінші және үшінші орындарды өз ара бөлісті. Қыздар арасында Өзбекстан құрамасының асығы алшысынан түсті. Севара Рахимова чемпион атанса, Шахзода Егембердиева күмістен алқа тақты.Екінші жарыс күні Ерлік Сертай ешкімге дес берген жоқ.
Қыздар арасында Владислава Андреева, финалда өзбек қызы Шахзода Егембердиевадан басым түсті.

Жандос Айтбай