Болгариядағы жарыста қазақтың қол күрес шеберлері топ жарды

  • 16
  • 10.10.2025, 20:40

Қазақ елінің қол күрес шеберлері Болгарияда өткен дүниежүзілік жарыста медальдан тау тұрғызды. Албене қаласында өткен әлем біріншілігіне 60-тан аса елден 2 мыңға жуық үміткер қатысқан болатын. «Бұл рекордтық көрсеткіш», дейді мамандар. Жерлестеріміз жасөспірімдер мен жастар және ересектермен параспортшылар сайысында алдына жан салмады. Жеңімпаздардың барлығын жіпке тізіп отыру мүмкін емес. Дегенмен ересектер додасында оза шапқан Ақмарал Советханова мен Ырысты Оразхан және ерлер арасында Ердәулет Мұхамбетов пен Нұрсұлтан Алдан секілді спортшылар қарсыластарын сан соқтырып жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңімпаздардың құрметіне еліміздің әнұраны Болгария аспанында бір емес бірнеше мәрте қалықтады. Қазақтың білекті де жүректі қыз-жігіттері қол күресте әлемде өздеріне тең келер қарсылас жоқ екенін тағы бір мәрте паш етті.

Германия өз алаңында Люксембургты қабылдайды

Бүгін футболдан ұлттық құрама командалар әлем чемпионатының кезекті іріктеу тур ойындарын өткізеді. Германия өз алаңында Люксембургты қабылдайды. Немістердің турнир кестесіндегі жағдайы мәз емес. Словакия мен Солтүстік Ирландияны алға жіберіп үшінші орында келеді. Алдағы болатын екі ойында Нагельсман шәкірттері ұпайдан шашау шығармауы тиіс. Болмаса жанкүйерлер кешірмейді. Словакиямен болған сүреңсіз ойыннан кейін бас бапкер Юлиан Нагельсманға біраз сын айтылды. Енді дереу жағдайды түзеу керек. Германия мен Люксембург соңғы рет 2006-шы жолығып, сол кезде Бундестим 7:0 есебімен жеңіске жетіпті. Бүгінде алаң иелері қарсыластарына бас көтертпеуі мүмкін. Дегенмен үш күннен кейін Бельфаста Солтүстік Ирландиямен болатын жауапты ойын күтіп тұр. Жарақатынан айыққан Ньюкасл шабуылшысы Ник Вольтемаде қатарға қосылды. Қақпашы Ольве Бауманда шақырту алды. Осы және басқада ойыншылар енді Нагельсманның сенімін ақтауға тырысады.