Назарбаев университеті әлемдік рейтингте 100 орынға көтерілді. Times Higher Education басылымы жариялаған рейтингте білім ордасы әлемдегі ең үздік 401-500 университет қатарына енді. Бұған дейін білім ордасы 2024 жылғы тізімге кірген еді. Осылайша, Назарбаев университеті өзінің аймақтағы жетекші зерттеу орталығы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады.
Әлемдегі ең үздік университетінің қатарына, 401-500 диапазонына көтерілу жай ғана көрсеткіш емес. Бұл Назарбаев университетінің зерттеу әлеуеті мен халықаралық деңгейде мойындала бастағанының дәлелі. Мамандар мұны білім мен ғылымға бағытталған тұрақты инвестицияның нәтижесі деп бағалайды.
Вакар Ахмад, Nazarbayev University президенті, профессор:
-Біздің университет әлі жас, қалыптасқанына небәрі он бес жыл болды. Соған қарамастан, біз әлемдегі үздік 401-500 университеттің қатарына кірдік. Бұл бізді көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан әйгілі білім ордаларымен бір деңгейге қойды. Енді біз аймақтағы жетекші зерттеу университеті атанып, ТМД елдері арасында төртінші орында тұрмыз. Бұл университеттің де, елдің де үлкен жетістігі.
Бүгінде Назарбаев университетінде 60-тан астам елдің профессор-оқытушысы жұмыс істейді. Ал студенттер халықаралық жобаларға қатысып, шетелдік серіктес білім ордаларымен бірлескен зерттеулер жүргізеді. Биыл университет халықаралық аккредитациядан өтіп, білім сапасының жаһандық стандарттарға толық сай келетінін растады.
Балғын Оразалы, студент:
-Сапалы білім алу үшін шетелге барудың қажеті жоқ. Ол біздің елімізде - Қазақстанда. Сонымен қатар студенттердің дипломының құндылығын халықаралық және ұлттық деңгейде арттыра түседі.
Биыл оқуға түсуге өтініш білдіргендер саны 34 пайызға артып, 10 мыңнан асты. Мамандардың айтуынша, мұндай өсім университет беделі мен түлектердің жетістігінің жемісі. Себебі Назарбаев университетін бітірген түлектің 98 пайызы жұмысқа орналасқан. Ал бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.Дана Әлиева, Әлібек Алиев