600 млн теңгеден астам ақша ұрлаған банк қызметкері ұсталды
Қоғамның дертіне айналған тағы бір мәселе — лудомания. Қызылордалық банк қызметкері 600 млн теңгеден астам қаржы жымқырған. Ал ұрланған ақшаны ойынға салған. Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, контроллер-кассир 1 миллион теңгеден 4 миллион теңгеге дейін ақшаны бөлшектеп, кассадан алып отырған. Бейнебақылау камераларында күдіктінің 3,5 жыл бойы ақшаны халаттың жеңіне орап, алып шығарғаны анықталды. Ол өзінің қылмысын толық мойындады. Қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
-Банк қоймасындағы қаражатты тексеру барысында 602 900 000 теңге жетіспейтіндігі анықталған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында букмекерлік кеңседен оның атына тіркелген шотынан ақпарат алынып, соңғы 3,5 жылда есепшотқа 158 млн теңге түскені анықталды. Сонымен қатар оның атына және жұбайының атына тіркелген абоненттік нөмірлерден букмекерлік кеңселердің есепшотына ақша аудару бойынша операциялар жүргізілгені туралы ақпарат келіп түсті.