Пара бергендер де құрықталады
Пара алғандар ғана емес, бергендер де құрықталады. Мәселесін оп-оңай шешемін деп жағдайды одан әрі қиындатады. Жуырда ғана Астана қалалық прокуратурасы бастамасымен ашық сот отырысы өтті. Пара берді деген айыппен ер адам жауапқа тартылды. Бұл қылмыстың жазасы қандай?
Тәртіп сақшысын тойдырмақ болған ер адам бүгінде сот алдында жауап беруде. Қалтасынан қиып берген ақшасы айыппұлдан қорғаудың орнына, өзіне бәле болды.
Судья:
-Айыпталушының пара ретінде берген 6 мың теңгесі мемлекеттік бюджетке түседі. Ал өзіне пара сомасынан 11 есе көп айыппұл жүктеледі. Яғни айыпталушы 67 500 теңгені төлеуі керек.
Мемлекеттік нөмірсіз көлік тізгендеген өзбекстандық азамат қайта жеңіл жазамен құтылды. Өйткені қазір заң қатал. Пара сомасынан 30 есеге дейін көп айыппұл төлейді немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады және бұл қылмысы өмір бойы алдынан шығады.
Саяхат Нұрбеков, Астана қаласы Прокуратурасының басқарма аға прокуроры:
-Мемлекеттік қызметте, жергілікті органдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруына өмір бойына тыйым салудан қосымша жазасы көзделген.Ол сотталған адамның өзіне ғана қатысты емес. Оның балаларына, туыстарына құқықтық бір салдар әкеп соғады.
Билік таяқтың екі ұшын да ескеру керек дейді. Пара беру қылмысқа итермелеумен пара пар. Мұны жұрт та қолдайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, былтыр парақорлық бойынша 1700-ге жуық қылмыс тіркелді. 290 адам пара беру бабы бойынша сотталған. Яғни пара алған тұтылғанымен, пара бергеннің дені құтылып кетті ме деген ой туады. Заңгерлер: «Бұл мәселені шешудің төте жолы – мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру»,— дейді.
Бекнұр Жалғасов, «Заңгерлер одағы» РҚБ Астана қалалық филиалының төрағасы:
-Егер әл-ауқат жағдайы адамның дұрыс болатын болса, материалдық жағдайында таршылық көрмейтін болса, беріп жатқан сыйына күн қарап отыр ма деп түсінуі мүмкін де мемлекеттік қызметкер, полиция қызметкерінің өзі.
Бармақ басты, көз қыстыны тоқтатудың тағы бір жолы – мемлекеттік қызметті цифрландыру. Бұл туралы Президент Тоқаев та үнемі айтып келеді. Қағазбастылықтан құтылған жерде пара беруші мен алушының да амалы азаяды.
Бекнұр Жалғасов, «Заңгерлер одағы» РҚБ Астана қалалық филиалының төрағасы:
-Өтініш болсын басқа да құжаттарды жеке тұлға мемлекеттік органдарға беретін болса, орындайтын тарап сол арыз беруші, өтінім беруші адаммен тікелей байланысқа тұрмай, цифрландыру арқылы өзінің платформасы арқылы жауап беру керек.
Параның ірілі-ұсағы болмайды. Түптеп келгенде барлығы бірдей темір торға тоғытуы мүмкін. Сондықтан ұсынбас бұрын, салдарына көз жүгіртсек екен.
Авторлары: Дана Әлиева, Айдос Меделбеков