СҚО-да 24 млн ағаш егу жоспарланған

  • 9
  • 17.10.2025, 19:55

Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайынғы ағаш егу науқаны аяқталып қалды. Биыл өңір бойынша 24 миллион түп қайың мен қарағай салу жоспарланған. Қазір орман шаруашылығы қызметкерлері соңғы алқаптарға шығып, жас көшеттерді қар жауып жер қатқанша егіп тастауға тырысып жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысында қыстың ызғары сезіліп тұр. Бірақ өңменнен өтетін күздің қара суығында орманшылар күні бойы далада жүреді. Солардың бірі Кенжеболат Жұмабаев. Ол осы салада 4 жыл еңбек етеді. 

Кенжеболат Жұмабаев, орманшы инспектор:

-Кішкентай ағаштарды бір 15-20 см ұзындығы. Міне, сосын оны отырғызамыз. Балапан ағаштарды жуамыз дайындаймыз. Питомник бар. Осы 4 жылдың ішінде бір миллиондай ағаш еккен шығармын. Санаған жоқпыз. Егіп жатырмыз.

Өңірде 500-ге жуық орманшы жұмыс істейді. Биыл олар облыс бойынша 24 миллион қарағай мен қайың ағашын егуі тиіс. «Әр түптің өсіп-өнуіне ондаған жылдар керек», дейді мамандар. 

Марина Подоксёнова, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

-Биыл жергілікті атқарушы органдарымен көшет материалдарына 560 млн теңге бөлінді. Оған 9 млн 900 мың қарағай мен жайпақ жапырақты үйеңкі, қайың және шегіршін ағашы сатып алынды. Сонымен қатар былтыр орман шаруашылықтары 36 бірлік арнайы техникамен толықты.

Солтүстік Қазақстан облысында орман қорын ұлғайтудың кешенді жоспары қабылданған. Ол бойынша өңірде 2027 жылға дейін 120 млн жас көшет егіледі. Мамандардың айтуынша, бір ағаш жылына 100-150 келі оттегі шығарады. Сондықтан бұл маңызды іс.

Орманшының жұмысы көзге көрінбейді. Мәселен, бүгін егілген мына жас көшеттердің ну орманға айналуына кемі 60-70 жыл уақыт керек. Ал бұл бір адамның ғұмыры.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков