Вейп сатқандар сотталады
Енді хош иісті бу сататындар 2 ден 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Вейптерді айтып тұрмыз. Бүгін Мәжіліс депутаттары тиісті заңды қабылдап көптен бері талқыланып келген осы даулы сұраққа нүкте қойды. Сондай-ақ байланыс сапасын жақсарту мен медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға арналған жобаны да мақұлдады.
Вейп сатуға тыйым салатын заңның өзгелерден жөні бөлек. Құжатта болуы мүмкін деген тәуекелдер толық қамтылыпты. Саудасын шектеуге қоса, әкелуге, таратуға, өндіруге болмайды деп қадап жазылған. Онысы бекер емес. Әйтпесе кейбір қазақстандықтар соңғы кезде тіпті синтетикалық есірткіге дейін қолдан жасайтын болған. Онымен салыстырғанда вейпті әзірлеу жай ойыншық болып қалуы мүмкін. Егер ондай пысықайлар анықталса, білсін 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал сатушылар 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Ал сырттан әкелу және таратушылар үшін көзделген жаза — 2 жылға қамауға алу.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұған дейін бұл мәселе 7-шақырылымда да үш жыл бойы талқыланып келді. Қазіргі таңда вейптардың таралуы бейресми ақпарат бойынша 200 есеге өскен. Оларды қазір балалар сатып алу мүмкіндігіне ие. Оған қоса алматылық балалардың 80%, астаналық балалардың 83% қолданады деген ақпарат шығып отыр. Бұл өте қауіпті үрдіс.
«Балалар вейптің хош иісті бу шығаратын қасиетіне әуес»,— дейді мамандар. Бірақ шағын түтікшенің ішінде аллергия шақыратын сұйықтықтар мен химиялық заттар барынан бейхабар. Шектеу жас ұрпақты содан қорғау үшін жасалуда.
Мәжіліс қараған келесі заң медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға арналған. Ақхалатты жандарға «Мамандықтың үздігі» және «Қазақстанның Еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы беріледі. Оған ие болғандарға бір реттік ақшалай төлем қарастырылған. Ауылға жұмысқа барған дәрігерлер үшінде қолдау аясы кеңейтіліпті.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
-Қазіргі дипломмен ауылға, несиесі бар, басқа да көтерме ақысы бар. Оны ешкім алып тастаған жоқ. Оның үстіне тағы бір көтерме ақыны беріп отырмыз. Биыл ол – 9 млн-ға жуық қаражат. 9 млн жаңадан келген маман үшін өте жақсы қолдау деп мен сенемін. Бір реттік.
Бүгін қараған заңдар қатарында байланыс сапасын арттыру да бар. Оның ішінде ауылдарды, автомобиль жолдарын және әлеуметтік нысандарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету талаптары нақтыланған. Жиын соңында мәжілісмендер әдеттегідей депутаттық сауалдарын жолдады. Кейбірі тұтас аймақтық мәселелерді көтерді. Мәселен, Ұлытауда жол құрылысы уәде етілген қарқынмен салынып жатқан жоқ.
Ал Атырауда экологиялық мәселе өткір болып тұр. Атап айтқанда, әскери полигондарда жүргізілген сынақтың салдарын жою қажет. Қала іргесіндегі мұнай өңдеу зауытының ауаны ластауы әлі басылар емес. «Бұл мәселені кәсіпорында 2030 жылға дейін қаланың сыртына көшіру арқылы шешу қажет»,— дейді депутаттар.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аян Сәрсенбаев