Үкіметте көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары талқыланды
Бүгін Үкіметте талқыланған кезек күттірмейтін тағы бір мәселе - көктемгі егіс. Қазірдің өзінде диқандар 1,5 миллион гектар жерге егін егіп үлгеріпті. Негізгі жұмыс маусымның 15-нен кейін басталады деп күтілуде. Республиканың басым бөлігінде топырақтың ылғалдылығы жақсы. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша тұқым мен тыңайтқыш қоры жеткілікті. Шаруаларға жеңілдетілген бағамен 376 мың тонна дизель отыны бөлінген. Тек оны аймақтарға тасымалдау жағы кешеуілдеп жатыр. Ал дала жұмыстарға техникалардың дайындығы 98%. Биыл жалпы егіс көлемі 24 миллион гектарға жуықтайды.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бидайдың егістік алаңдары өткен жылмен салыстырғанда 426 мың гектарға қысқарып, 13,3 млн гектарды құрады. Сонымен қатар майлы дақылдар алаңын 373 мың гектарға және азықтық дақылдарды 66 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Мақта алаңдарын 16 мың гектарға, күрішті 12 мың гектарға қысқарту болжануда.
Сондай-ақ зиянкестерге қарсы күрес те басты назарда. Себебі биыл шегіртке қаптауы мүмкін. Биыл үйірлі шегірткеге қарсы күрес шараларына республикалық бюджеттен 8 млрд 100 миллион теңге бөлінді. 2,5 млн гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Басым бөлігі Ақтөбе, Қостанай мен Түркістан облысында. Қажетті дәрілік қоспа сатып алынған.