Алматының Жетісу ауданында жаңа мектеп пен екі емхана ашылады

  • 217
  • 11.07.2025, 18:45

Алматының Жетісу ауданында биыл жаңадан екі емхана ашылады. Жыл соңына дейін 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталады. Оған қоса бірнеше демалыс орны абаттандырылып қолданысқа беріледі. Қазір мұнда инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мен дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама іске асырылып жатыр. Бұл туралы аудан әкімі Ләззат Жылқыбаева Жетісу ауданының бірінші жартыжылдықтағы даму қорытындысы туралы брифингте айтты. 

Жетісу ауданында 200 мыңға жуық халық тұрады. Аудан шаһардың негізгі өнеркәсіп пен сауда орталығы саналады. Осы жылдың бес айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 162 млрд теңгеге жуықтаған. Аудан әкімінің айтуынша, мұндағы ең басты мәселенің бірі – су мен кәріз жүйесі. Қазір осыған қатысты екі жоба жүзеге асырылып жатыр. 

Ләззат Жылқыбаева, Жетісу ауданының әкімі:

- Жартыжылдықтың өзінде 11 көшені сумен қамтамасыз ету желісімен қамтамасыз еттік және де 6 көшені кәріз жүйесімен қамтамасыз етіп алады. Бұдан басқа жаңа жоба іске асырылып бастады. Бұл Сүйінбай көшесімен Рысқұлов көшесінің арасындағы кварталда 26 км-ді сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ететін жаңа жоба.

Оған қоса жарықтандыру, көше жолдарын жөндеу мен жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары да қатар атқарылуда. Тұрғындарға қалалық жайлы орта қалыптастыру мақсатында демалыс орындары ретке келтірілді. 

Ләззат Жылқыбаева, Жетісу ауданының әкімі:

- Есентай өзенінің жағалауындағы Көкжиек шағынауданында және Рысқұлов даңғылының бойындағы Черновицкий көшсінің бойында және Көкмайса шағынауданында үш жерде толық көгалдандырылған өзен жағалаулары, арналары қолданысқа берілді. Екі үлкен жоба жоспарланып жатыр. Ол Айнабұлақ-2 және Айнабұлақ-4 шағынаудандарында.

Бұдан бөлек, биыл Жетісу ауданында 1200 орындық жаңа мектеп пен 500 адамға қызмет көрсететін екі емханан пайдалануға беріледі. Ал жақын арада Айнабұлақ-2 шағынауданында жастарға арналған инновациялық шығармашылық орталықтың құрылысы басталады. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев