Таяуда көктемгі әскерге шақыру аяқталды. Бұл науқан ағымдағы жылдың 4-ші наурызы мен 30-шы маусымы аралығында өтті. 18 бен 27 жас аралығындағы әскерге жарамды деген 20 мыңнан астам ер азамат еліміздің күштік құрылымдары қатарын толықтырды.
Осыдан бір-екі ай бұрын әскер қатарына қосылған жауынгерлер қазірдің өзінде қолдарына қару алып, әскери-тактикалық оқу-жаттығуларға машықтанып қалған.
Асылбек Жұмабек, 68665 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері:
- Қазір оқу-жаттығулары кезінде бізге орында тұрып алға, артқа және солға жүріп атуды үйретті. Осы апта бойы бізге оқу-жаттығуларды үйретуде. Маған өте қатты қызық.
Жігіттер әскерде өз киімдерін үтіктеп, ине-жіптерін сабақтап, төсек-орындарының қырын келтіріп, Бауыржан Момышұлының өмірінен үлгі алып жүр.
Азат Абубакиров, 68665 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері:
- Әрине, басында әскери өмір оңай болмады, үйренісе алмадым. Бірақ күндер өткен сайын әскери өмір қызықты бола бастады. Қаруды қалай қолдану керек, қалай ұрысқа келтіру керек екенін үйрендім және де осы әскери өмірде күнделікті жүгіріп, спорттық жаттығулар көмегін тигізіп жатыр. Яғни өзімнің денемдегі өзгерістерді сезе бастадым, қиналмай үлкен арақашықтыққа жүгіре бастадым.
Бұл көктемгі шақырылымда әскер қатарын толықтырған жауынгерлер. Науқан ағымдағы жылдың 4 наурызы мен 30 маусымы аралығында өтті. 18-бен 27 жас аралығындағы әскерге жарамды 20 мыңнан астам ер-азамат еліміздің күштік құрылымдары қатарын толықтырды. Олар Қарулы күштерден бөлек, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына қосылды.
Бірақ еліміз бойынша 27 мың азамат әскерден жалтарып жүр. Денсаулығы мықты, тепсе, темір үзетін жігіттеріміз әскерден қаша алмайды. «Себебі елімізде барлығы цифрлық бақылауда», - дейді мамандар.
Фархат Айдарбаев, ҚР ҚК Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары, полковник:
- Қазіргі таңда біз оларды әскери комиссариаттарға шақырмай-ақ, Қорғаныс министрлігінің барлық мемлекеттік органдармен интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы тексере аламыз. Біріншіден, Денсаулық сақтау министрлігінен баланың денсаулығы туралы ақпарат алынады. Екіншіден, Оқу-ағарту министрлігі арқылы оның білім деңгейі белгілі болады. Үшіншіден, баланың әлеуметтік жағдайы, ауруы бар ма, сырқаты қандай — барлығы жан-жақты тексеріледі.
Елде бозбалаларды әскерге жіберуге келгенде екіұдай пікірдің бары жасырын емес. «Дегенмен алаңдауға негіз жоқ», - дейді полковник.
- Жастарымыз ата-аналарымен бейнеқоңыраумен күнделікті байланыста. Олардың тұрмыс-тіршіліктері ұдайы командирлерінің қадағалауында. Одан кейін біздер қазіргі таңда психологтардың санын көбейттік. Себебі әскерге келген кезде «адаптация» дейді, өту қиындық тудырады. Сол кезде олардың жағдайларына қарап, әр азаматтың мүмкіншіліктеріне қарап, не істей алады деп, психологтармен жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Бүгін күзгі әскерге шақыру науқанына дайындық басталып кетті. Алдағы қыркүйек пен желтоқсан айының соңына дейін тағы 22 мың азамат іріктеліп, әскер қатарын толықтыратын болады.
Алуа Маханбет, Руслан Тәуірше