«Хабар» Агенттігінің қызметкерлері мерекелік медальмен марапатталды

  • 9
  • 22.10.2025, 19:51

30 жыл ішінде «Хабар» Агенттігі тұтас идеологиялық құралға айналып үлгерді. «Хабар» арнасы 1995 жылы Қазақ телевизиясының ақпараттық қызметі негізінде құрылған. 1997 жылдың 27 қаңтарынан бастап «Хабар» телеарнасы өз жиілігінде хабар тарата бастады. 15 жылдан жоғары арнада қажырлы еңбек етіп келе жатқан 140 қызметкер «Хабар» Агенттігінің 30 жылдығына арнлаған мерейтойлық медальмен марапатталды.  

Гүлзада Саухат, өндірістік дирекцияның режиссер бөлімінің режиссері:

- Мынау біздің күнделікті тікелей эфирге шығатын жұмыс орнымыз. Әрине, бұл жерде мен жалғыз емеспін. Менің қасымда ассистенттеріміз бар, кадрдың сыртында операторлар бар. Мен осы батырманы басқаныма міне, 23 жылдай уақыт өтіпті. Әрине, 30 жыл аз уақыт емес. Сондықтан телеарнамызды 30 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, творчестволық табыс тілей отырып, жақсы жаңалықтарымыз көбейе берсін деп тілеймін!

«Хабар» бүгінде қос арнаның басын біріктірген агенттік. Кадр сыртындада айтарлықтай еңбек етіп жүргендер аз емес. Солардың бірі Айдос Меделбек кешегі «Хабар» мен бүгінгі «Хабардың» техникалық базасын былайша еске алды. 

Айдос Меделбеков, телеопреатор:

- 1,5 минуттық перегонды біз сағаттап жүретінбіз.  Ол кезде 1304 деген шнур болатын, оны ноутбукқа саласың, касетадан, дисктан саласың. Қазір қолымыздағы телефонмен-ақ жіберуге болады. Қазір дамыған заман. Қазір штативімен ауыр камера көтеріп жүруші едік. 280 деген кішкентай камералар шықты, флэшкамен, өте қолайлы. Қазір жұмыс істеймін деген адамға барлық мүмкіндік бар. «Хабар» Агенттігіне келгеніме 2010 жылдан 15 жыл болыпты, өте шықты уақыт. Басшымыз құттықтап, төсбелгісін беріп жатыр, оған рақмет. 

Иә, қызметкерлердің жүзі бал-бұл жанады. Себебі сан жылдық еңбек бағаланды. Табаны күректей нешеме жыл арнада қызмет етіп келе жатқан Бағдат Бектұрғанқызы еңбек жолын Қызылорда облысындағы «Хабардың» меншікті тілшісі болып бастаған. Бүгінде ол тілшілердің дауысының дұрысталуына, қаламының ұшталуына септігін тигізіп келеді. 

Бағдат Бектұрғанқызы, жаңалықтар бөлімінің шығарушы редакторы:

-Ол кезеңде әр сюжет, әр сөйлем қатты тексерілетін еді. Тілшінің дауысы, оқу мәнері, барлығы үлкен тексерістен өтетін. Сондықтан менің алғашқы сюжетім үлкен дайындықпен, үлкен қобалжумен жасалды. Сондықтан қатты есімде қалды. «Хабар» маған кәсіби өсуге мүмкіндік берді. «Хабар» телевизия саласындағы мықтылармен әріптес болуға мүмкіндік берді. «Хабар» маған қамқор, жанашыр, бауырмал екінші отбасын берді. 

«Хабар» көптеген қызметкердің екінші үйіне айналып отырғаны рас. Бүгінгі мерейтойлық төсбелгі тоңның ішкі бауындай болған 140-тан астам қызметкерге табысталды. Олардың ішінде 11 қызметкер Агенттіктің іргетасы қаланған сәттен бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан «Хабардың» құрдастары. Сондай-ақ 53 қызметкер 20 жылдан астам уақыт бойы Агенттіктің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан тәжірибелі мамандар. Одан бөлек, Агенттіктің іргетасын қалаған, алғашқы хабарларын эфирге шығарған, ақпарат әлеміне жол салған 25 ардагерімізге де табысталады.

Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Қазір Агенттігімізде 15 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан әріптестеріміздің жалпы саны 140. Сол әріптестерімізге арнайы мерейтойлық медальдерді сыйладық. Себебі ол қызметкерлер ауыспалы жағдайларда осы «Хабардың» негізін сақтай біліп, сонымен қатар сабақтастықты жалғастырған қызметкерлер. Басты мақсатымыз – әрине, сапа. Көреременіміз көп болуы үшін сапалы дүние, сапалы жоба жасау керекпіз. Қазіргі таңда көрермендеріміз телеарна арқылы қарауы мүмкін біздің контентімізді, әлде интернет арқылы қарауы мүмкін. Сондықтан біздер жасаған жобамызды телеарнаға да, интернетке де бейімдеп жасаймыз. 

Иә, «Хабар» қашанда заман ағымынан қалған емес. Ол дәуірлермен бірге жасай бермек!

Құралай Жұмахан, Самат Оспанов, Айбек Ақшолақов