Хабардың 30 жылдығы: Маңғыстаудағы алғашқы тілшілердің еңбек жолы

  • 9
  • 22.10.2025, 19:44

Осы аралықта телеарна ұлттық телевизиялық өнімді таратудың басты құралына айналды. Күн сайын ресми ақпаратты бөлісіп, көрерменге аймақтардың тыныс-тіршілігін жедел жеткізіп келеді. 

Ақтаудағы тілшілер қосыны мұнайлы өлке Маңғыстаудың тәуелсіздік жылдары түлеген кезеңінен бастап бүгінгі келбетін республикаға жариялауға елеулі үлесін қосып келеді.  

Алла Логинова «Хабардың» Ақтаудағы алғашқы тілшілерінің бірі. Телеарнаға қабылданған кезде ол 35 жаста болды. Мамандығы кітапханашы келіншек телевизия саласында жұмыс істеуді бала жасынан армандапты. Өмірлік мұратына қол жеткізген соң 2000-2008 жылдар аралығында Маңғыстаудың тыныс-тіршілігін республикаға жариялауға атсалысты.

Алла Логинова, «Хабар» Агенттігі» АҚ бұрынғы тілшісі:

- Мен «Хабардың» бес жылдығында жұмысқа келдім. Ол кезеңде аудандарға барсақ, тұрғындар мәре-сәре болатын. Жергілікті әкімдік өкілдері елді мекеннің жетістіктерін көрсетуге асығатын. Қазірде сүйікті арнамды қалт жібермей қараймын. Әсіресе ауылдың дамуы туралы сюжет көрсем, қуанып қаламын.

Гүлмира Әбішева Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. «Хабар» арнасындағы халықаралық жаңалықтар» тақырыбында диплом жазып, сәтті қорғап шығады. Араға екі жыл салып, іргелі ұжымға жас тілші ретінде қосылады. 10 жылдан астам уақыт ішінде көрерменге есімі таныс журналист атанды.

Гүлмира Әбішева, «Хабар» Агенттігі» АҚ бұрынғы тілшісі:

- «Хабар» – менің еңбек жолымдағы ең үлкен мектеп болды. Сол мектептегі алғашқы ұстаздарымның бірі Алла Логинова. Ол жылдары біздің елімізде «Мәдени мұра», «Ауыл жылы» деген бағдарламалар іске асып жатқан. Сол бағдарлама бойынша біз бүкіл Маңғыстаудағы барлық ауылды, ой-қырын аралап шықты.

Алла мен Гүлмираның әр сюжетін тәжірибелі оператор Денис Онищенко таспаға түсіріп отырды. Оның Маңғыстаудың түкпір-түкпірінде жасаған бейнетүсірілімін республика жұртшылығы тамашалады. Кейін Денистің өзі де тілші болып жұмыс жасады. Бұл азаматтардың «Хабардың» қалыптасуына қосқан қажырлы еңбегі кейінгі буынға үлгі. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев