Саланы ақылды жүйелермен қамтуды одан әрі жетілдіру мәселесі Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында талқыланды.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың сөзінше, 1-ші сәуірден «E-нотариат» жүйесінде тараптардың жеке кабинеті пайда болған. Бұл тетік борышкерге онлайн режимде атқарушы жазбаға келісім, не қарсылық білдіруге мүмкіндік береді. Ал халыққа құқықтық көмек көрсету саласында мамыр айынан бастап «Әділет» және «Е-Заң көмегі» жүйелерінде жасанды интеллектінің көмегімен «Цифрлық кеңесші» іске қосылған.
Премьер-министр цифрлық шешімдер азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдетуге және рәсімдердің ашықтығын арттыруды қамтамасыз етуі тиіс екендігін айтты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен елімізде суперкомпьютер пайда болды. Бәріңіз көрдіңіздер. Ол Орталық Азия өңіріндегі суперкомпьютер, ең қуатты құрал қолымызда бар енді. Суперкомпьютер бәрімізге, мемлекеттік органдарға, бизнеске жаңа цифрлық мүмкіндіктерді енгізу үшін үлкен мүмкіндіктер береді. Сондықтан осы суперкомпьютерді дұрыстап пайдалана білу керек.