Оқыс оқиғалар кезінде ауыр жарақат алғандарға құтқарушымен қатар шұғыл көмекке келетін дәрігерлер.
Астанада төрт ай бұрын ғана ашылған ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы төтенше жағдайлар, техногендік апаттар кезінде жедел медициналық көмек көрсету үшін бірыңғай базалық алаңға айналып келеді. Орталықта кеше ғана өз жұмысын бастаған акушерлік бөлімде алғашқы сәби дүниеге келді.
Әдетте мұнда ауыр халдегі науқастар түседі. Бірақ орталық қабырғасында үлкен қуаныш. Кәусар есімді сәби өмірге келді.
Еркебұлан Тұраров, қала тұрғыны:
- Дәрігерлер де өте білікті мандар, кешеден бері өте жақсы қызмет көрсетіп жатыр. Жоғары деңгейде бәрі. Біз ризамыз. Қызды болдық. Әйелім екеуміз бірінші боп түсіп қалдық .
Орталық көпсалалы аурухана ретінде жұмыс істейді. 250 төсек орын бар. Акушерлік, гинекология, урология, жалпы және іріңді хирургия сияқты 9 бөлім бар. Науқастар шұғыл жағдайда жеткізіледі.
Дана Әлиева, тілші:
- Орталықтың басты ерекшелігі – мұнда медициналық авиация арқылы науқастарды жедел жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Мәселен, дәл қазір біз осындай тікұшақ алаңында жүрміз. Бұл жерде жыл басынан бері 2 мың 200-ден астам түрлі рейс жасалып, медициналық авицация арқылы келген әрбір науқасқа жедел көмек көрсетілген.
Ержан Әділбеков, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы:
- Қазақстанда 11 ұшақ, 16 тікұшақ бар. Мына қаламыздың ішінде 1 тікұшақ. Содан кейін аэропортта 3 ұшақ тұр. Олар басқа қалаларға барып, керек болса, науқастарды алып келеді. Бірақ өзіміздің ұшақ пен тікұшақ жоқ.
Орталық дәрігерлері санитарлық авиация арқылы шетелдегі отандастарымызға да көмек көрсетеді. Бүгінге дейін Оңтүстік Корея, Түркия, Вьетнам, Египет және Германияға рейстер жасалған. Мұндай көмек алыс-жақын шетелді ғана емес, еліміздің барлық аймағын қамтиды. Қазір орталықта хирургиялық көмекке мұқтаж жандар ем қабылдап жатыр.
Жомарт Жалғасбаев, ҰШМО Іріңді-септикалық хирургия департаментінің басшысы :
- 20-дан 45 жас аралығындағы науқастар. Олардың бәрі күйіктерді жұмыс орнында алған. Мысалы, бір науқастар өрт сөндіру саласында жұмыс істейді, бір науқас мұнай, кең өндіру саласында жұмыс істейді. Сол жерлерден бізге мына санитарлық авиация арқылы науқастар жеткізіледі.
Келесі жылдан бастап мұнда балаларға арналған арнайы корпус ашу жоспарланып отыр. Бұл ауыр халдегі балалар да шұғыл көмек ала алады деген сөз.
Дана Әлиева, Қали Несіпбаев