Жылу желілерінің тозу деңгейі 52% жетті

  • 8
  • 29.10.2025, 19:48

Мәжілісмен Берік Бейсенғалиев осы мәселені көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, жекелеген өңірлерде ахуал тіптен қиын. Мәселен, Шу мен Арқалық қаласында жылу желілерінің тозуы – 70 пайыз, Оралда – 86, Қарағандыда – 81, Павлодарда – 79 пайыз. Бұл нысандарды жаңғырту жұмыстары әлі де баяу жүріп жатыр. Депутат жылу жүйелерінің ескіруі тек техникалық мәселе емес, әлеуметтік қауіпсіздікке де әсер етеді деп отыр.

Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

  - Соңғы жылдары Риддер, Екібастұз және МАЭК жылу электр орталықтарында болған апаттар елдегі жылумен қамту мәселесінің қаншалықты өзекті екенін айқын көрсетті. Ескірген желілердің жиі жарылуы, температураның төмендеуі және жылу энергиясының артық жұмсалуы сияқты жағдайды жақызуға болады.  Бұдан қарапайым халық зардап шегеді.

МӘМС жүйесін жетілдіру

Ал депутат Нұрлан Әуесбаев медициналық қызметтердің сапасы мен оған қолжетімділік 47%-ға дейін төмендеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Азаматтар тарапынан сақтандыру жүйесіне ай сайын тұрақты жарна төленіп отыр. Десе де МӘМС пакетіне кіретін дәрігерлік кеңестер, консультациялық-диагностикалық қызметтерді алу қиындап кеткен. ПЦР, КТ және МРТ сынды тексерулерді жасату үшін кезек күту мәселесі де өзгермеген. Бұған қатысты өз атына азаматтар мен медициналық қауымдастықтардан хабарламалар келгенін алға тартты. Депутат жағдайды түзеуге қатысты өз ұсынысын жеткізді.

Нұрлан Әуесбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бірінші, «Бүгін және қазір» қағидатына сай қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін көрсетілген қызметтерге негізделген төлемге көшуді қамтамасыз ету. Екінші, медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін өтеуді толық және уақтылы қаржыландыру. Үшінші, саланы цифрландыруды және барлық медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялауды күшейту. Төртінші, егер тағайындалған клиникада тиісті қызмет 10 күнтізбелік күн ішінде көрсетпесе, кешенді медициналық көмек көрсетуді басқа медициналық ұйымға еш кедергісіз ауыстыру.