Алматы хайуанаттар бағында амур жолбарысы күшіктеді

  • 42
  • 29.10.2025, 19:48

Маусым айында туған екі шөнжік алғаш рет келушілерге көрсетілді. Бұл алты жасар Бантли мен бес жасар Айка есімді амур жолбарыстарының алғашқы төлі. Биыл жалпы Алматы зообағында 31 түрлі жануар төлдеп, барлығы 90-ға жуық жаңа төл дүниеге келген.

Бауырын көтеріп, ойнақ салған шөжіктер зообақтың кішкентай жұлдызына айналған. Адамдардың назарына үйренісіп қалған күшіктер жұмсақ ойыншықтармен ойнағанды жақсы көреді екен. Олар алғашқы айларда тыныш әрі жылы бөлімде болған.

Юлия Дудкина, Алматы зообағының мал дәрігері:

Біз жолбарыстарға ат қойған жоқпыз. Себебі олардың мінезі әлі қалыптасқан жоқ, анасы да жақындатпайды. Қазір оларды мазаламауға тырысамыз. Біздің зообақта Урман атты жолбарыс бар, ол үшін халықаралық бағдарлама аясында екі аналық алдық. Осы арқылы таза қанды амур жолбарыстарын көбейтуді жоспарлап отырмыз.

Биыл 31 түрлі аң төлдеп, 87 зообақ қоры 87 жануармен толықты. Олардың арасында ақ қасқырлар, кенгурулар, лемурлар, бұғылар мен тау ешкілері бар. Мамандардың айтуынша, Алматы зообағы қар барысынан бастап, бүркіт сияқты жыртқыш құстардың алуантүрімен танымал болып келеді.

Айман Едгебаева, Алматы зообағының коллекция кураторы:

- Біздің зообақ  Wildlife Park Timbavati атты табиғи паркімен келісім жасаған. Бұл ұйым құмайды табиғатқа қайта жіберумен айналысады. Зерттеу нәтижесі бойынша құмайды сәтті көбейткен әлемдегі жалғыз зообақ – Алматы зообағы болып шыққан.

Айта кетейік, зообақ сирек кездесетін жануарлар санын көбейтіп жатыр. Жақында мұнда жаңа қонақтар келеді. оңтүстік америкалық 2 құмырысқа жегіш, АҚШ-тан 6 сауытты аң және Канада сілеусіндері жеткізіледі. Оның орнына аққұйрық бүркіттер жіберіледі екен. Мамандар: «Енді ақ аюдың санын көбейтеміз», - деп отыр.

Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев