«Қара археологтарға» арналған металл іздегіштерге тыйым салынады

  • 9
  • 29.10.2025, 19:30

Мұндай шектеу мәдени мұраларды қорғау және қара археологтардың қызметін тоқтату үшін енгізіледі. Құнды жәдігерлер тап солардың әрекетінен тоналып жатыр деген күдік бар. Мәжіліс тарихи объектілерді қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Талқыланған құжаттың басты өзгерістерін атап өтетін болсақ, археология саласында лицензия алатын тұлғаның кем дегенде магистрлік ғылыми дәрежесі болуы шарт. Сондай-ақ осы салады жұмыс істеуге құзірет беретін ғылыми базасы болуы тиіс. Ал алынған лицензияның мерзімі 5 жылға ғана жарамды.

Жылқының алғаш рет қазақ жерінде қолға үйретілгенін дәлелдеген, «Алтын адамды», Отырар қаласын, өзге де мұрамызды әлемге танытқан маманадар тап осы археологтар. Олардың қоғамдық маңызы осыдан-ақ түсінікті. Алайда соңғы кезде қазба жұмысын жүргізуге рұқсат алғанда қатары тым көбейіп кеткен. Қазіргі талап бойынша аталмыш лицензияны бір рет алып, өмір бойына қолдануға болады екен. Осы жерде олар немен айналысуда деген сұрақ туындайды.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазба жұмыстары бойынша есептерді ешкім ешқайда өткізбейді. Яғни қазбалар бар, бірақ есептер жоқ. Табылған жеке жәдігерлер бар, бірақ жаппай жәдігерлер мен материалдар жоқ. Нәтижесінде кейбір ескерткіштер қайта-қайта зерттелінсе, енді біреулері мүлде қараусыз қалып, жойылып кетіп жатыр.

2019 жылы салаға талдау жасалып, археологтар сұрыптаудан өткізілген. Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, дәл қазір 115 адамның қазба жүргізу және реставрациялық қызметпен айналысатын лицензиясы бар. Мамандардың айтуынша, бекітілген жоспар бойынша биыл 70 қазба жүргізілуі тиіс. Бірақ іс жүзінде олардың саны 300-ге жуық. Ал «қара археологтардың» санын ешкім білмейді. Бір қызығы, оларды ұстаған құзырлы органдардың күдіктіні жауапқа тарту бойынша құзіреті шектеулі. Осы уақытқа дейін санаулы адам ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қаралған құжатта қылмыскердің әр әрекетіне қатысты нормалар нақтыланды. Бұзушылықтар үшін айыппұлдарға қоса 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылыпты.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Мәжіліс депутаттары сондай-ақ бірқатар заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олардың ішінде алиментті өндіріп алу және энергия үнемдеуге қатысты құжаттар бар. Ал жиын соңында экология, ауыл шаруашылығын дамыту сияқты мәселелер бойынша депутаттар өз сауалдарын жолдады.

Ердәулет Ыбырайұлы