Елде жаңа энергия көздері іске қосылады

  • 10
  • 28.10.2025, 19:37

Үкіметте энергетикалық қауіпсіздікті нығайту мәселесі пысықталды. 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт энергия өндіру жоспарлануда. Мәселен, Түркістан өңірінде күн, Ұлытау облысында жел электр станциясы салынады. Ал Жамбыл және Павлодар облыстарында энергия сақтау орталықтары бой көтереді.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Қазір еліміздің энергетикалық жүйесі штаттық режимде жұмыс істеуде. Алдымызда қыс екенін ескерсек, қуат көзіне деген сұраныс артады. Бүгінгі жиын сол қажеттілікті өтеу және болашақта да тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналды.

Дәл қазір елімізде қуат көзін өндіретін 237 электр стансасы бар. Оның 79-ы дәстүрлі генерация көздері. Яғни су, көмір, газ дегендей. Қалған 158–і жел мен күн сияқты жаңартылатын энергия көздерінен алынады. Жалпы саланы жаңғырту үшін 2035 жылға дейін жоспар құрылған. Жауаптылар енді іске асыратын жобаларды таныстырды. Олардың қатарында 3-ші Екібастұз электр станциясының құрылысы бар. Сондай-ақ Курчатов, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу жоспарлануда. Оған қоса, Түркістанда күн, Ұлытау облысында жел электр станциясы тұрғызылады. Ал Жамбыл және Павлодар облыстарында энергия сақтау орталықтары бой көтереді. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына өте ауқымды міндет қойып отыр. Яғни 2035 жылға дейін жалпы қуаты 26 ГВт болатын жаңа энергия көздерін іске қосуымыз керек. Ол үшін дәстүрлі генерациямен қатар жаңартылатын қуат көздері және атом энергиясы сияқты баламалы энергияны дамыту бағытында да белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге қолданыстағы энергия көздері мен коммуналдық желілерді жаңғырту және кеңейту шаралары іске асырылуда.

 

Үкімет отырысында Батыс Қазақстан электр желісі Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіне қосылатындығы айтылды. Жоба Атырау және Ақтөбе облыстарындағы электр стансаларының қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Ал Оңтүстік аймақтың электр желісін нығайту инвестициялық жоба арқылы іске асырылады. 

Нәби Айтжанов, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл жоба солтүстік-оңтүстік «Алматы – Жамбыл» транзитінің өткізу қабілетін 440 МВт-қа арттырады. Жоба аясында ұзындығы 475 шақырым болатын екі 500 кВ желілер салынады. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаның аяқталу мерзімі 2027 жылдың ортасына белгіленген. 

Қазақстан  электр энергиясын өндірудің қолда бар барлық бағыттары бойынша кешенді жобаларды іске асыруға ниетті. Олар газ, көмір, жаңартылатын және гидроэнергетика салалары. Оның бірқатары Франция, Катар, Қытай, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерінің бірлесіп жүзеге асырылуда. 

Энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артуда. Сарапшылардың есебінше, бұл үрдіс әлі де сақталады. Үкіметтің онжылдық мерзімге жоспар құруы да сондықтан. 

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Премьер-министр жиын соңында жоспарланған барлық энергетикалық жобаларды уақтылы жүзеге асыруда тапсырды. Түптеп келгенде қазір электр қуатынсыз күн жоқ. Жаңа өнеркәсіп орындарын іске қосу, экономиканы дамыту бәрі осы энергияға тәуелді. Мамандар тіпті гибридті электр станцияларын іске қосу мәселесін де талқылауда. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Қанат Әбілдин