ШҚО-да спорт кешендерінің құрылысы бес жылдан бері аяқталмай келеді

  • 230
  • 11.07.2025, 18:47

Шығыс Қазақстан облысының шалғай аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы бес жыл бойы аяқталмай келеді. Нысандарды бір мердігер мекеме мойнына алған. Бірақ 2023 жылы аяқталуға тиіс құрылыс әлі күнге созбалаңға салынып келеді. Спорт ғимараттарының ендігі тағдыры не болады?

Бұл Үлкен Нарын ауылында салынуы тиіс бассейннің бүгінгі сиқы. Темір қаңқасы ғана тұр. Айналасын шөп басып кеткен. Тұрғындар бес жылдан бері құрылыстың аяқталуын күтіп жүр. Динара Ракованың айтуынша, бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. Бірақ әлі күнге дейін бір шешімін таппаған. 

Динара Ракова, Үлкен Нарын ауылының тұрғыны:

- Бассейннің құрылысын аяқталуын күткенімізге 5 жыл болды. Жылда осы жағдай. Құрылыс басталғандай болады, бірақ күз түссе, бәрі кетіп қалады. Келер жылы басқа адамдар келеді де, түк бітірмей жоқ боп кетеді.

Құрылыс аяқталмаса да мердігер мекеме бөлінген 650 млн теңгенің 430 млн-ын игеріп үлгерген. Бірақ атқарылған жұмыс көңіл көншітпейді. 

Марина Брикотнина, Үлкен Нарын ауылының тұрғыны:

- Балаларды теңізге апаруға бәрінде бірдей мүмкіндік жоқ. Ал ауыл іргесіндегі өзеннің суы лас. Құрылыс аяқталса, өзіміз де барып, бассейнге түсер едік. Спортпен шұғылдануға да мүмкіндік болар еді. Сондықтан нақты шаралар қабылдау керек.

Құрылыс басқармасы да мердігердің бос уәдесіне тойған. Сол себепті сотқа жүгінуге түра келді. Үлкен Нарын ауылы ғана емес, Марқакөлдегі дене шынықтыру кешенінің де құрылысы аяқталмаған. Ал Бозанбай мен Таврия ауылдарындағы нысандар биыл тапсырылады деп жоспарланып отыр.

Арайлым Кенжеғұлова, құрылыс басқармасының бас маманы:

- Міндеттемелердің орындалмауына байланысты келісімшарт бұзылды. Жаңа мердігер іздеп жатырмыз. Құрылыстың аяқталу мерзімі жаңа келісімшарт жасалғаннан кейін анықталады. Бәрі заң шеңберінде жүзеге асырылуда.

Бесінші нысан Катонқарағайда. Мұндағы құрылыс та созбалаңға салынып келеді. Енді нысанның сыртқы жұмыстары қалған. Резеңке жамылғысын төсеп, волейбол алаңын жабдықтау керек. Сондай-ақ желдеткіштерді орнату қажет. Сондықтан мердігерге мүмкіндік беріліп отыр. «Себебі келісімшартты бұзу тиімсіз», - дейді жауаптылар. 

Қайрат Жүрсінов, Катонқарағай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Келісімшартты бұл кісілермен бұзғанмен, жаңа кісілермен келісімшарт жасау үшін бүкіл жобаның корректировкасын өткізуіміз керек. Қазіргі жоба 2021 жылғы. Биылғы жылғы бағамен істейтін болсақ, мүмкін ол 50 млн немесе 100 млн болады.

Тұрғындар жаңа нысандардың ашылуын тағатсыздана күтіп жүр. Ал жауаптылар құрылысты биыл аяқтау үшін тиісті шараларды қабылдаймыз деп сендірді. 

Асланбек Шығыр, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов, Дмитрий Пыхтин