Орал көшелерінде электр қуатымен жүретін автобустар көбейеді

  • 7
  • 29.10.2025, 19:49

Бүгінде Орал қаласында 5 электрлі автобус қатынайды. Енді жергілікті билік қоршаған ортаға зиянсыз көліктерді көбейтуді қолға алды. Өңірде экологиялық мәселелерді шешуге арналған жол картасы әзірленді.

Электрлі автобустар бірнеше ай бұрын жолға шыққан. Қазірдің өзінде қала тұрғындары үшін үйреншікті көлікке айналып үлгерді. Олар Оралдың негізгі бағыттарына қатынайды. 

Балзия Жұбаниязова, Орал қаласының тұрғыны:

- Бұрын автобустар ескі болды. Тоқтап қалады. Автобусқа ақшасын төлейміз, келесісіне мінсек, айқай шығады. Мынада ештеңе жоқ. Жақсы жүреді, сосын тоқтап қалмайды. Автобус жазда салқын, қыста жылы

Электробустың басты артықшылығы – дыбыссыз жүруі. Салонда климат-бақылау жүйесі, телефонға арналған қуаттағыштар және қозғалысы шектеулі жандарға арналған орындар бар. «Ең бастысы, атмосфераға зиянды қалдықтар шығармайды. Экологиялық және экономикалық тұрғыдан да тиімді», - дейді жүргізуішілер.

Данияр Тәженов, жүргізуші:

- Автобус айдағаныма 11 жыл болды. Автобустамыз. Басында ПАЗ бастадық. Қазір осындай үлкен автобус айдаймыз. Отынды үнемдейтін климат-бақылауы бар

Дегенмен қала жолдарындағы автобустардың басым бөлігі әлі де бензин және дизель отынымен жүреді. Соңғы үш жылда Орал қаласындағы автобус паркі біртіндеп жаңартылып, экологиялық стандарттарға сай 170 жаңа автобус сатып алынған.

Азамат Халелов, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Бүгінде қаладағы 27 маршруттың барлығы субсидияланады. Жыл сайын мемлекеттен 2–5 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Біз маршруттарды кезең-кезеңімен жаңартып жатырмыз. Негізгі бағыттарда тек жаңа автобустар қатынайды. Қазір әкімдік тасымалдаушылармен бірге субсидия мөлшерін арттыру мәселесін қарастырып жатыр.

Сонымен қатар өңір жолдарында көлік түтініне бақылау күшейтілді. Экология департаменті мен полиция қызметкерлері бірлескен рейдтер жүргізеді.

Дамир Тапалов, Орал қаласы Патрульдік полиция батальонының взвод командирі:

- Биылдан бастап Әкімшілік Кодекстің 334-бабы бойынша көлігінің түтіні белгіленген нормадан асып кеткен 11 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. 13 наурыздан бастап бұл бапқа түзетулер енгізілді. Ескерту шарасы алынып тасталды. Өзгерістерден кейін 3 жүргізуші жалпы 98 300 теңге көлемінде айыппұл төледі.

Райымбек Сапашев, Экология департаменті сынақ зертханасының бас маманы:

- Рейдтік іс шараның мақсаты облыс деңгейіндегі профилкатикалық жұмыстар арқылы облыстың деңгейіндегі атмосфералық ауаның деңгейін жақсартуға бағытталған. Көбінесе бізде облыс деңгейіндегі автокөліктердің үлкен жүк көліктерінен «нарушение» болады. 2024 жылы жалпы 85 автокөлік құралы тексерілді. Оның ішінде 15-і белгіленген нормадан асқаны анықталды. 

Билік өкілдері: «Жүйелі жұмыс қоршаған орта мен жергілікті тұрғындардың саулығын жақсартуға мүмкіндік береді», - дейді. Өңірде экологиялық мәселелерді шешуге арналған жол картасы әзірленді. Онда 8 бағыт пен 30-дан астам шара қарастырылған. Ол құжат алдағы уақытта салалық министрлікте бекітіледі.

Арыстанбек Кенже, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов