Инсультпен ауыратын жастар көбейді

  • 8
  • 29.10.2025, 20:00

Десе де Қазақстан жүрек-қантамырлары ауруларынан болатын өлімді төмендеткен он ел қатарына қосылды. Өлім-жітім қанша пайызға төмендеді? Жалпы бұл аурудың қалай алдын алуға болады?

75 жастағы Жұмабай Сәбиев осы уақытқа дейін автопаркте жұмыс істеген. Денсаулығына еш шағымы болмаған ол ауруханаға келгенде дәрігерлерден инсультке 3-ші рет шалдыққанын естіп, таңғалады. Бұған дейін еш белгі бермеген. Әулеттегі кезекті тойға дайындықпен бейғам жүрген ол кенет өзін жайсыз сезіне бастайды. 

Жұмабай Сәбиев, қала тұрғыны:

- Машинадан шығып жүрейін десем, аяғым тартылып қапты. Көмектесейін десем, оң жақ қолымда әл жоқ. Жедел жәрдем адамдары тексеріп, алып кетеміз, болмайды деп алып келді. Дәрілерін береді, қанды тексерді, қан қысымын тексерді. 

Бүгінде елімізде шұғыл көмек көрсетудің заманауи инфрақұрылымы құрылды. 2017 жылдан бастап 2024 жылға дейін 85 инсульт орталығы ашылды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың 9 айында Қазақстандағы инсульт орталықтарында 39 мың 447 пациент емделді. Осындай шаралардың нәтижесінде жүрек-қантамырлары ауруынан болатын өлім 25%-ға төмендеген. 

Ержан Әділбеков, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы:

- Елімізде жылына 40 мыңнан астам инсульт диагнозы қойылады. Орталығымыз наурызда ашылды. Орталығымызда республикалық орталық бар. Еліміздегі 85 инсульт орталығын бір жұдырықта ұстап, соларға көмек көрсетіп отырамыз. 

Инсульт — дүниежүзіндегі өлім-жітім мен мүгедектікке алып келетін жетекші себептердің бірі. Тосыннан тап келетін ауруға қазір жастар да жиі ұшырай бастаған. Бұрындары 70-80 жастағы қарттар ғана инсульт алып жатса, бүгінде тіпті бұл дерт жаңа туған нәрестелерде де кездеседі. 

Ержан Әділбеков, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы:

- Бірінші орында артериялық гипертензия. Адамдар жасы 40-тан асқан соң поликлиникаға барып, скринингтан өту керек. Екінші орында – ұйқы тамырының жабылуы. Адамдарда көп стресс бар. Содан кейін энергетикалық сусындарды ішеді, Cola бар, Cola да жаман. 

Иә, мамандар азаматтарға дұрыс тамақтану, уақытылы ұйықтау, таза ауада жиі серуендеу сияқты сапалы режимді ұсынады. Сондай-ақ медициналық көмекті де дер кезінде алып отырған жөн. Пациент көмекті неғұрлым тез алса, мүгедектікке ұшырау қаупі соғұрлым төмен болады.

Құралай Жұмахан, Болотбек Табалдиев