Жоба елордадағы клиникалардың бірінде жүзеге асырылуда. Стартап Astana Hub Battle 2025 байқауында 25 мың доллар жеңіп алды.
Диана Қадыр, тілші:
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше әлемде 8,5 миллион адам Паркинсон дертіне шалдыққан. Қазақстандағы жағдай да көңіл көншітпейді. Астаналық 7 оқушы бірігіп, жаңа жоба жасады. Енді қазақстандықтар гаджет арқылы кез келген жерде тегін диагностикадан өте алады. Бұл ауруды ерте анықтап, оның алдын алуға мүмкіндік береді.
Аружан Серғалиева, 12-сынып оқушысы:
- Біз осы жобаны мектеп аясында бағдарламалау сабағында бастадық. Қоғамға көмектесетін бағдарлама ойлап тапқым келді. Осы идеямды айтқанда досым өзінің атасы Паркинсон ауруымен ауыратынын маған жеткізіп, қоғамда медицинаға деген қолжетімділік болсын деп біз ауыл-аймақтарға қолжетімді ерте диагностиканы ендіретін бағдарламаны ойлап таптық.
Жүйе адам қолының жылдамдығы мен діріліне қарап, физикалық белгілерді сандық түрде талдап, пайыздық көрсеткіш арқылы нақты нәтиже ұсынады. «Егер көрсеткіш 90 пайыздан төмен болса, дәрігерге қаралған жөн», - дейді жоба авторлары.
Қазиева Сағыныш, 12-сынып оқушысы:
- Ең алғашқы мақсатымыз – осы қол жаттығуынан басқа диагностика түрлерін қосу. Яғни бет әлпеті арқылы немесе адамның жүріс-тұрысы арқылы диагностиканы қосу. Егер осы Паркинсон ауруының диагностикасын аяқтасақ, содан кейін альцгеймер, деменция сияқты нейродегенеративті аурулардың диагностикасын қосамыз. Жоспарда реабилитациялық комплексті қосу бар.
Қадыр Маратұлы, Назарбаев Зияткерлік мектебі бағдарламалау пәнінің мұғалімі:
- Қазір команда ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының терапевттерімен жұмыс істеудеміз. Қазіргі балалар 5-6 жыл бұрынғы оқушылардан қарағанда мүлдем бөлек. Олардың істейтін жұмыстары әлемдік деңгейдегі мықты студенттермен теңесетін оқушылар болып саналады.
ЖИ білім беру жүйесіне енгізілді
Оқу-ағарту министрлігі биыл жасанды интеллектіні білім беру үрдісіне енгізді. Ал тақырыптар оқушылардың жас ерекшелігіне сай таңдалады.
Баян Мұратбекқызы, ҚР ОАМ Орта білім беру комитетінің баспасөз хатшысы:
- «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінде салынып жатқан барлық жаңа мектепте осы робототехника кабинеттері қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда 200 мыңнан астам мұғалім онлайн жасанды интеллект бойынша құзіреттілікті арттыруда. Оның 140 мыңы сертификат алған. Педагогтардың барлығы өз еркімен онлайн курсқа тіркеліп, осындай белсенділік танытып отыр.
Министрлікке қарасты «Өрлеу» орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесіп, халықаралық тәжірибе негізінде жасанды интеллектіні оқыту бағдарламасын дайындаған. Курс аясында педагогтер ЖИ құралдарын тиімді әрі этикалық қолдану, промпт жазу, сабақ жоспарлау және оқу материалдарын әзірлеуді үйренеді.
Диана Қадыр, Азамат Сәметов