Соңғы екі жылда Қостанай облысында 25 фельдшерлік акушерлік пункт жаңадан салынып, қолданысқа берілді. Осыған байланысты өңірде медицина маманына қажеттілік артқан. Оның ішінде әсіресе медбике, фельдшерлерге сұраныс жоғары. Мәселен, Тимирязев ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда бір жылдан бері дәрігер жоқ. Ауыл тұрғындары мәселені айтып біздің редакцияға хабарласқан еді.
Сарыкөл ауданындағы Тимирязев ауылы тұрмысы түзу іргелі елді мекендердің бірі. Мыңға жуық адам тұрады. Бір ғана олқы тұсы жергілкті медициналық мекеменің толыққанды жұмыс істемей тұрғандығы.
Тимирязев ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда бұрындары фельдшерлік, акушерлік, педиаторлық сияқты медициналық қызмет түрлері көрсетілетін. Тіпті жеке жедел жәрдем көлігі де болған. Қазір оның бәрі жоқ. Бір жылдан бері кабинеттері қаңырап бос тұр.
Мұнда жұмыс істеген терапевт пен фельдшер жасы келіп, зейнетке шығыпты. Бұған қарап, жергілікті жұрт мүлдем медициналық қызметсіз қалды деуге болмайды.
Любовь Рубцова, Тимирязев ауылының тұрғыны: -Бізге апта сайын медбике, терапевт аудан орталығынан қатынайды. Жақында медициналық автобус келіп кетті. Әр жексенбіде осында стамотолог дәрігер қабылдайды.
Күлзайра Бұсырманова, Тимирзев ауылының тұрғыны:-Біздің ауыл өзі өздерің көріп тұрғандай өте жақсы дамыған, көркейген ауыл. Бірақ та бір кемшілігіміз осы дәрігер маманы жетіспей тұр. Бір тілегіміз бас ауырмай, балтыр сыздамай тұрмайды. Бір маман дәрігер жіберсе екен.
Сарыкөл ауданының тағы бір ауылында осындай мәселе бар. Бірақ ол аудан орталығының іргесінде орналасқан. Сондықтан қажетті медициналық қызмет тұрғындар үшін қолжетімді. Аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрғожа Байқұновтың айтуынша қазір ауылдардың барлығында медициналық мекеме бар. Төрт ФАП жаңадан салынып жатыр. Ал маман жетіспеушілігі жақын арада шешіледі деп отыр.
Нұрғожа Байқұнов, Сарыкөл аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:-Бүгінгі күнде ауылдарда 4 медициналық қызметкер жетіспейді. Бос орындар жәрмеңкесіне қатысамыз. Сосын Қостанай жоғары медициналық колледжі, сосын Ақтөбеде медициналық колледж, Көкшетауда бар. Соның бәріне қатысамыз. Келеміз дегендер бар.
Ал облыс бойынша биыл медицина қызметкерлерінің қатары 346 адамға толықты. Әлі де осыншама маман қажет. Оларды бос орындарға маман тарту үшін түрлі қолдау бағдарламалары қарастырылған. Мәселен, Қостанай облысындағы қалаларға жұмысқа барған дәрігерге 3,5 миллион теңге, ауылға барғандарға 5 миллион, ал шалғайдағы елді мекенге орналасқандарға 7 миллион теңге көтермақы тағайындалады. Сондай-ақ биыл резидентурада оқитындарға бөлінетін облыс әкімі грантының саны да біршама артты.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг