Жамбылда аурухана басшылары ₸758 млн жымқырған
Күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады. Іске қатысы бар екі адам қамауға алынды.
Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
-Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша Жамбыл облысы әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының қалалық көпбейінді ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Сот санкциясымен күдіктілер, аурухана бас дәрігерінің орынбасары және бұрынғы бас есепші қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Ал Өскеменде мұғалімдерге жалған сертификат сатқан бірнеше адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Күдікті 2022 жылдың маусымы мен 2023 жылдың шілдесі аралығында «тестілеуден сәтті өтті» деген сертификат берем деп, «алаяқтықпен» 52 азаматтың 17,4 млн теңгесін қалтаға басқан. Бір жалған құжаттың құны 700 мың теңгеге дейін бағаланған. Сот санкциясымен күдікті бұлтартпау шарасымен үйқамаққа алынды.
Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
-Сондай-ақ күдікті ҰБТ-ны сәтті өткендігі туралы сертификат беру сылтауымен облыстың 2 азаматының жалпы сомасы 2,4 млн теңгеге ақшалай қаражатын иеленген. Материалдық залалдың жалпы сомасы 19,8 млн теңгені құрады.