Хабар телеарнасы

Арқалық бойынша мал шығыны үшін ₸115 млн өтемақы төленді

Көктемгі тасқын кезінде мал шығыны әсіресе Арқалыққа қарасты Екідін, Қызыл жұлдыз ауылдарында көп болды. Ұсақ малды санамағанда, шамамен мыңға тарта ірі қара, жылқы қырылған. Қазір солардың өтемақысы беріліп жатыр. Күнкөрісі төрт түлікке қараған ауылдағы ағайынның төлемақыға көңілі тола ма? Малынан айырылған жандардың тұрмыс-тірлігі қалай болып жатыр?

Құрманғазы Нұрғабылов Екідін ауылында шаруа қожалығына иелік етеді. Табиғи апатқа дейін 120-ға жуық ірі қарасы болған. Соның жартысынан астамы суға кетіп, шығынға батты. Үй жайы, қора-қопсысы да қирап, бұзылған. Арқалықтан пәтер ұсынғанда бас тартыпты. Ауылда қалып, ата кәсіпті жалғастырамын деп отыр.

Құрманғазы Нұрғабылов, Екідін ауылының тұрғыны:
-Малдың шығынын өтеп жатыр. Оның сыртында тұрғылықты жерден шаруашылық басынан үй салып беретін болып келісілді. Оның сыртында мал қораның өтемақысын береді. Оның сыртында үй ішіндегі мүліктің ақшасын да төлейміз деді.

Ал Екідін тұрғыны Шәбден Қыдырбекұлының қорасында тасқыннан кейін тұяқ қалмаған. Жүз бас ірі қарасы, екі жүзге тарта қой-ешкісі қырылған. Қазір шығын орнын бірте-бірте қалпына келтіріп жатыр.

Шәбдан Қыдырбекұлы, Екідін ауылының тұрғыны:
-Тасты совхозынан он бұзаулы сиыр алдық. Сосын үш бойдағы бар. Жаңағы Қостанайдан 14 бас алдық. 12 қашар, 2 бұқа. Мал басын шүкір келтіреміз ғой. Үкіметтің берген көмектеріне мал алып жатырмыз.

Қызыл жұлдыз ауылында отыз үйдің қорасынан 430-дан астам аша тұяқ өлексесі табылған. Көбісі - ұсақ мал. Бірінші кезекте сол өлексесі табылған малдың өтемақысы беріліп жатыр. Ал «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» базасында тіркелмегендер жеке қаралады.

Берік Ғабдуллин, Қайыңды ауылының әкімі:
-Кейбір кісілер бар, жаңағы есепте болмаған мал, оның өлексесі де жоқ дейді, бірақ өтемақы сұрап тұр. Бірақ ондай кезде, біз айтамыз, бұл жерде енді учаскелік инспектормен ветеринарлық фельдшер бар, енді кімнің қанша малы бар екендігін ауыл болғаннан кейін бір-бірін біледі ғой. Базада есепте болмаса, өлексесі болмаса, онда біз оны растай алмаймыз.

Өтемақы мөлшері көптің көңілінен шығып отыр. Қой басына 60 мың тенге, ешкі одан да қымбат. Сиырға 400 мың, жылқыға 700 мың тенге шамасында төленеді. Әрине, малдың жасына қарай төлем мөлшері де әртүрлі. Бірақ нарықтық бағаға сай. Кейбіреулер осы өтемақыны кешіктіріп жатқанына алаңдаулы.

Абзал Тәшімов, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:
-Бұл неге ұзақ жүріп жатыр, өзіңіз білесіз, мынау өлексесі жоқ деген, сумен ағып кетті дегендерді тексеру қажет болды. Оған учаскелік инспектор, ауылдың ветврачы, әкімі барлығы барып, өрістегі малдардың бәрін санап, жоғын анықтап, соған уақыт кетті.

Осы күнге дейін Арқалық қаласы бойынша 730 бас ірі қараға, 164 жылқы, 116 ұсақ малға 115 миллион теңге өтемақы төленді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров