Хабар телеарнасы

Елордада жеңіл атлеттер жарысы аяқталды. Спорт жаңалықтары

Астанада жеңіл атлетикадан даңқты желаяқ Әмин Тұяқовтың жүлдесі үшін халықаралық турнир өтті. Бұл сынға ұлттық құраманың мықтылары түгелдей дерлік қатысты. Қазақстан қоржынына қос қола медаль түсті. Биіктікке секіруде Елизавета Матвеева мен Игорь Косолапов үштікке табан тіресе, Давид Ефремов пен Дэйзи Джепкемей және Надежда Дубовицкаялар жүлдеге бір табан жетпей қалды. Сол секілді аузымен құс тістеген жүйріктерге де жүлде бұйырған жоқ. Атап айтсақ, екі дүркін Олимпиада чемпионы Канадалық Андре Де Грасс пен Америкалық Ниа Али жеңіс тұғырынан көріне алмады.

Астанада Лоу-Кик мықтылары бас қосты

Астанада Лоу-Кик мықтылары бас қосты. Балты аяқты қыз-жігіттердің жарысы елімізде осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Енді ғана етек жая бастаған Лоу-Кикті түсіндіріп жатудың да қажеттілігі жоқ. Бұл көптеген жекпе-жек түрлерінде кездесетін аяқпен тебу әдісі. Осыдан бір жыл бұрын өз алдына отау тігіп Испанияда ашылған Лоу- Кик халықаралық федерациясына осы күні 20-дан астам мемлекет мүше атанып отыр. Кез келген спорт түрінің қыр-сырына бейім қазақ спортшылары да Лоу Кикті кәдімгідей меңгеріп алған. Федерация басшысы Өмірбек Әлмағжановтың айтуынша елімізде Лоу Кик чемпионатына қатыссам дейтін жастардың қатары күннен күнге артып келеді. Үшінші мәрте жалауы желбіреген ел біріншілігіне 30 ға жуық үміткер тіркелген. Ашық біріншілік болғандықтан бұл сынға Өзбекстан мен Тәжікстаннан да үміткерлер келіпті. Бұл жолы Тынышбек Сағынышбек, Хасан Маматалинов, Балжан Аяпбергенова, Бекмұрат Оңғалов, Юрий Белянин, Жандос Айдосұлы, Мадина Төрбаева, Төлеген Тавлютов секілді спортшылар жеңімпаз атанды.

Семейде баскетболдан оқушылар лигасы басталды

Семейде баскетболдан оқушылар лигасы басталды. Бұл сынға алыс-жақын ауылдардан және үлкен қалалардан 100-ден аса команда қатысуға ниет білдіріпті. Дәл қазір балалар баскетболын басты назарда ұстаған жөн. Өйткені соңғы уақыттары баскетболымыз тұралап қалды. ВТБ лигасында өнер көрсететін «Астананың» жағдайы белгілі. Біріншілік басталғалы жеңілістен көз ашпай келеді. Ұлттық құраманың да шаруасы шатқаяқтап тұр. Болашақ жастардың қолында десек, жас өрендерге өріс ашып осындай мектеп жарыстарын жиі ұйымдастырып тұрған жөн. Әзірше оқушылар лигасының іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Алғашқы екі турдан кейін қай команданың жеңіске жетерін дөп басып айту қиын. Өйткені көптеген командалардың деңгейі шамалас. Сондықтан тартысты ойындар әлі алда дейді мамандар.

Авторы: Жандос Айтбай