Хабар телеарнасы

Ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу баяу жүріп жатыр

Үкімет биылғы маусым айының соңына дейін келешегі зор әрбір орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлеуі тиіс. Себебі ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Президент орта буынға жататын көшбасшы компаниялар шоғырын қалыптастыру міндеті әлі де өзекті екенін айтты.

Үкіметтің дерегінше, былтыр отандық тауар өндірушілерді қолдауға басымдық берілген. Тек қазақстандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлар тізбесі 4,5 мың атауға дейін ұлғайтылды. Яғни үш есе артты. Отандық кәсіпорындармен жалпы құны 1 трлн теңгеден астам сомаға ұзақ мерзімді және офтейк-келісімшарттар жасалды. Бұл көрсеткіш 2 жарым есе өсті.

2024 жылы қара металлургия, химия өнеркәсібі және машина жасау саласы алға шықты. Келесі маңызды міндет – мұнай-газ химиясын одан әрі дамыту. Қазір елімізде полипропилен мен полиэтилен өндіретін ірі жобалар бар. Алдағы уақытта да жаңа нысандар іске асырылмақ. Бірқатар облыста жаңа зауыт, фабрикалар ашу көзделіп отыр. Жобаларды енгізудегі басты мақсат – импортты алмастырып, отандық өнімдердің үлесін арттыру.