Қазақ ұлттық опера және балет театры жаңа маусымын ашты
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры үшін биыл мерейлі жыл. Қара шаңырақтың құрылғанына 90 жыл толып отыр. Ал Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» опералық спектаклінің жарық көргеніне 80 жыл. Бекзат өнердің шаңырағы жаңа маусымды дәстүрге сай осы қойылыммен ашты. Театр ардагерлеріне құрмет те көрсетілді.
Жүзжылдықтың алдындағы белеске аяқ басқан Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының ұжымы 91-ші жаңа маусымды алдыңғы буынның батасымен бастады. Жылдар бойы өмірін сахнаға, шығармашылыққа, театрға қызмет етуге арнаған адал жандарға арнайы төсбелгі және сыйлық табыстады. Олардың қатарында сахна әртістері ғана емес, сонымен қатар касса қызметкерлері, визажистер, жүргізушілер де бар.
Айнұр Көпбасарова, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры:
-Бұл өнер - бекзат өнер. Бұл өнерге кішкентайынан бастап келеді де, ерте зейнетке шығып кетеді. Бұл кісілер бүкіл өмірін осы театрға арнаған, мәдениетке арнаған, классикалық музыкаға арнаған. Сондықтан да біз бүгін нағыз еңбек адамдарын театрға шақырып, ол кісілерді марапаттап жатырмыз. Ол кісілердің батасын алып жатырмыз.
Мерейтойға орай Қазақ КСР-нің халық әртісі Раушан Байсейітова театр мұражайына анасының портретін және кезінде Күләш Байсейітова өз спектакльдерінде қолданған бірнеше бас киімдерін сыйға тартты.
Нұржан Байбосынов, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының бас дирижері:
-Мына шаңырақ 30-40 жыл еңбек еткен майталман өнерпаздарымыздың рухы сіңген киелі шаңырақ. Біз де сол ізбен бар өмірімізді, шығармашылық күш-жігерімізді осы өнерге арнап келеміз.
Кеш Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсымен аяқталды. Ал жаңа маусымда көрермен «Хан сұлтан – Алтын орда» операсы мен заманауи «Золушка» классикалық балетін тамашалай алады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов