Көкшетауда жылу бағасы 23% қымбаттады
Қазір шаһардағы 1 гигакалорияның орташа құны 5 мың 471 теңгеге жетті. Тарифтің көтерілуін мамандар көмір мен электр энергиясының қымбаттауымен байланыстырады. Ал жергілікті тұрғын болса, бағаның негізсіз өсуін алға тартып, наразылығын білдіріп отыр.
Қазір қала тұрғындарын дәл осы «Көкшетау жылу» кәсіпорыны жылумен қамтамасыз етеді. Мекеме көмір мен мазуттан бөлек, электр энергиясын да сатып алуға мәжбүр. Биылдан бастап олардың бағасы көтерілген. Бұл жылу тарифінің қымбаттауына басты себеп болып отыр,-дейді кәсіпорын басшылығы.
Асқар Нұрмағанбетов, «Көкшетау жылу» кәсіпорны директорының орынбасары:
- Біз тұтынатын Екібастұз көмірі биылдан бастап 30 пайызға қымбаттады. Сондай-ақ электр энергиясы былтыр наурыз айында 30 пайызға өсті. Осыларды ескере отырып, жылу тарифін көтеру туралы шешім қабылдап, Табиғи монополияларды реттеу департаментіне өтінім бердік. Олар 1 гигакалорийдың орташа құны 5471 теңге қылып бекітті.
Ал жылудың жаңа бағасы жергілікті халықтың көңілін күпті етіп тұр. Өйткені қаладағы кей үйлер суық күндері азынап кетеді. Жылуға жарымай отырған тұрғындар бағаның не себепті қымбаттағанын түсінбей дал.
Гүлмира Әбікеева, қала тұрғыны:
- Юбелейный 2-де тұрам. Үй салқын болды. Біз қосымша қосылып, ақша жинап, насос қойдық. Қазір өзі қымбатшылықта азық-түлік қымбаттап жатыр, еще коммуналдық төлем қымбаттап жатыр.
Көкшетау – жылу электр орталығы жоқ қала. Ал шаһардағы жылу мекемелері әбден ескіркен. Жыл сайын оларды жаңартуға миллиондаған қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек, қызметкерлердің жалақылары бар. Бұл ретте кәсіпорынның шығыны өзін-өзі ақтамайды.
Асқар Нұрмағанбетов, «Көкшетау жылу» кәсіпорны директорының орынбасары:
- Кәсіпорының шығыны жылына шамамен 8 млрд теңгеден асса, кіріс небәрі 4,5 миллиард теңге. Қалған қаржыны мемлекет бөледі.
Аймақта элект энергиясы да тапшы. Сондықтан кәсіпорындар тарифтерін көтеруге мәжбүр. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы өңірдегі осы мәселеге ерекше екпін түсіріп, Үкіметке жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды тапсырды.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный