Алматыда жүрек транплантациясы сәтті жасалды
Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында донорлық жүрек трансплантациясы сәтті өтті. 6 сағатқа созылған күрделі операция белгілі кардиохирург Юрий Пяның жетекшілігімен жасалды. Донордың жүрегін салған 43 жастағы пациенттің жағдайы қазір тұрақты. Бұл жүрек трансплантациясы бойынша Алматыдағы екінші сәтті операция. Институт дәрігерлері 2023 жылы 19 жастағы жігітке донор жүрегін салған еді.
Алматы облысының тұрғыны 45 жастағы ер адамда ми өлімі анықталғаннан кейін марқұмның туыстары оның ағзаларын алуға келісім береді. Медициналық көрсетілімдер бойынша донорлық жүрек күту тізімінде тұрған 43 жастағы алматылық Даурен Атамбековке сәйкес келіп, 20 қаңтарда дәрігерлер трансплантация жасады. Даурен дилатациялық кардиомиопатия дертіне шалдыққан. Ұзақ уақыт бойы энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынғандықтан ауруы асқынып кеткен.
Дәурен Атамбеков, емделуші:
- Жастарға айтатыным: біріншіден, осы халге түсірген мені энергетик көп ішетінмін. Жұмысті көп істеймін деп. Сол энергетиктен кеттім, 1,5 жыл болды, энергетиктің қандай қиыншылық екенін сол кезде түсіндім. Келе жатқан жастарға айтайыным: қара су ішсеңдер де энергетик ішпеңдер. Күніге 3-4 бөтелке ішетінмін. Дәрігер мырзаларға мың да бір алғыс.
Қазір науқастың жағдайы бірқалыпты, тұрақты, - дейді дәрігерлер. Ауруханада тағы бір апта жатқан соң оңалту бөліміне жіберіледі.
Рүстем Төлеутаев, «Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ» АҚ Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:
- Реанимациядан бөлімге ауысқанда ол науқастың тұрақты жағдайы болып саналады. Енді бұл жаңа жүректің ұзақ жұмысына әрине, пациенттің өмір салты өзгеру керек. Бұған қосымша біз өз жағымыздан қосымша дәрілер береміз, көптеген дәрілер. Жыл сайын ол дәрілердің саны азаяды. Бірақ не болса да пациент өмір бойы дәрі ішеді. Сол кезде жүрек тұрақты ұзақ жұмыс істейді.
Елімізде кардиохирургия мен кардиореанимацияның даму деңгейі жоғары. Жүректі трансплантациялау операцияларындағы оң нәтижелер соның дәлелі.
Марат Пашимов, «Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы:
- Қазақстан бойынша донор жүрегіне мұқтаж 140 адам бар. Олардың қатарында 5 бала да күту парағында кезекте тұр. Меніңше, мұндай операцияларды біз жалғастыруымыз керек. Бұл жүрек ауруына шалдыққан азаматтардың өмірін ұзартуға мүмкіндік береді.
Дәрігерлер марқұмның ағзаларын алуға келісім берген туыстарына алғысын жеткізді. Донордан жүрегімен қатар екі бүйрегі, өкпе және көз қабығы алынды. Бұл ағзалар ауыр кеселге шалдыққан төрт науқастың өмірін сақтап қалды.
Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов