Хабар телеарнасы

Алматы экономикасында өсім бар

Алматы экономикасында өсім бар. Келесі жылы ол 6,4% дейін жеделдетіледі. Жол инфрақұрылымы жақсарып, абаттандыру ісінде ауқымды жұмыс атқарылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы әкімі Ерболат Досаев хабарлады. Қалада өңдеу өнеркәсібі, сауда, қаржы және сақтандыру қызметі, ақпарат және байланыс салалары дамып келеді. «Осылайша Алматы жоғары әлеуеті бар Орталық Азияның жетекші экономикалық орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуды жалғастыруда» - деді шаһар басшысы.

Алматы экономикасының басты драйвері - шағын және орта бизнес. Бүгінде бұл салада қалада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 85% астамы немесе 942 мыңға жуық алматылық жұмыс істейді. Еліміздің тарихында алғаш рет 2025 жылға арналған қалалық бюджет 2,2 трлн теңгеден асты.

Ерболат Досаев, қала әкімі:

-Біздің жұмысымыздың маңызды приоритеті алматылықтардың әл-ауқатын арттыру болып табылады. Ағымдағы инфляцияны ескере отырып, Алматыдағы орташа айлық жалақы нақты мәнде 6,1% өсіп, 470 мың теңгені құрайды. Осы жылдың 11 айында 68 мың жұмыс орны құрылды. Олардың 82% - тұрақты жұмыс орны. Нәтижесінде Алматыда жұмыссыздық деңгейі 4,6% дейін төмендеді.

2022 жылдан бастап «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына бөлінетін қаржы үш есе ұлғайып, жоба саны көбейді. Бұл қала азаматтарының белсенділігі мен бағдарлама тиімділігін көрсетеді. Келесі жылы да қараусыз қалған бос жерлерде жаңа жаяу жүргіншілер және жағалау аймақтары, балалар алаңдары мен аулалар салынады.

Ерболат Досаев, қала әкімі:

-Тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, Алматыда 39, 1 млрд теңгеге 938 жоба іске асырылды. Біз бағдарлама шеңберінде жобаларды іске асыруға жыл сайынғы лимитті 17 млрд теңге деңгейінде бекіттік. Сондай-ақ жүзеге асырылған жобаларды күтіп ұстауға алғашқы рет әр ауданға орташа 150 -200 млн теңгеге дейін қосымша қаражат бөлінді.

Мемлекет басшысының «Алматы – бақша қала» мәртебесін жандандыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2030 жылға дейін 2,5 млн жасыл желек отырғызу көзделген. Соның аясында биіктігі 4 және 6 метрден асатын 27 мың көшет егілмек.

Авторлары: А. Садуақас. С.Жұмабаев