Биыл 100 базарды жетілдіру жоспарланып отыр
Қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында, ашық аспан астында сауда жасайтын базардың дәуірі өтті. Заң талабына сәйкес, базар жыл соңына дейін жаңадан салынуы керек немесе жабылуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, ашық базардың орнына жабық сауда орыны салынады. Жол картасы бойынша елде биыл 100 базар жетілдірілуі керек болса, соның ішінде ең көбі, яғни 14-і Орал қаласында орналасқан.
Қаланың шет жағындағы мына базардың ашылғанына 30 жылға жуықтаған. Азық-түлік өнімдері жабық павильонға көшкені болмаса, осы мерзімде айтарлықтай өзгеріс бола қойған жоқ. Қыстың сақылдаған аязында да, жаздың аспан айналып жерге түсер ыстығында да сауда сыртта жүреді. Сатушы да, алушы да оған еті үйренген. Осы жерде сауда үйі салынады, базар уақытша жабылады деген әңгіме шыққалы сатушылар алаң көңілде.
Лариса Яшкова, кәсіпкер:
- Осы базарда 27 жыл тұрамын. Тұрақты клиенттерім бар. Азды-көпті сауда жүріп жатыр. Сыртта салқын, ылғал болса да үйреніп кеттік. Ертең жаңа сауда үйін салып, жылы жерге көшірсе жақсы әрине. Біздің қорқатынымыз ештеңе салмай, базарды жауып тастаса, қайда барамыз? Қайтіп күн көреміз?
Орал қаласында 21 базар болса, соның 7-іне бұған дейін модернизация жасалған. Ал 14-і биылға қалған. Олардың ішінде әлі әрі-сәрі күйде отырғандары да, жаңа құрылысты бастап кеткендері де бар.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Біз қазір Орал қаласының орталығындағы «Землячка» деп аталатын базардың алдында тұрмыз. Бұрын осы жерде адамдар қаптап, сауда қайнап жататын. Ал қазір базар аумағы жым-жырт, тіпті есігі, яғни қақпасы да кілттеулі тұр. Базар қожайынының айтуынша, осы жерде биыл заманауи сауда үйі бой көтермек.
Вениамин Мұқатаев, базар басшысы:
- Үкіметтің базарларды жетілдіру туралы қаулысы өте дұрыс деп ойлаймын. Себебі халықтың денсаулығы бәрінен қымбат, сауда жылы, ыңғайлы, жарық жерде жүруі тиіс.
Жаңа базардың құрылысы жұмыс жобасы дайын болғаннан кейін наурыз айында басталмақ. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру жағы да қарастырылған.
Эльмира Қиматова, БҚО Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы:
- Біздің қалада заманауи сауда форматына сай емес базарлар бар. Олардың барлығына да 31 желтоқсанға дейін уақыт берілді. Жетілдіру жұмыстары кәсіпкердің өз қаржысына жүреді. Мемлекет тарапынан «Даму» қорынан екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несие түрінде қолдау болады.
Жалпы биыл елімізде 100 базарды жетілдіру жоспарланса, соның 14-і Оралда орналасқан.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов