Қарашығанақ кен орнының ашылғанына 45 жыл толды
Биыл Батыс Қазақстан облысында орналасқан әлемдегі ірі кен орындарының бірі саналатын Қарашығанақ кенішінің ашылғанына 45 жыл.
Осы айтулы оқиғаға орай Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында салтанатты шара болып өтті. Қажырлы еңбегімен кен орнының игерілуіне атсалысып, мұнай-газ саласының дамуына зор үлес қосқан еңбек адамдары марапатталды. Мерекелік іс-шара аясында өңірде агробизнес орталығын құру жөнінде «КПО б.в», «Эни», «Шелл» компаниялары және Орталық Азияның «Еуразия» қоры өзара меморандумға қол қойды.
Қарашығанақ – әлемдегі ең ірі кеніштердің бірі. 1979 жылы ашылған кен орнын игеру 84 жылы басталды. Ал 97 жылы Өнімдерді бөлісудің түпкілікті келісіміне сәйкес мұнай-газ өндірісін шетелдік компаниялар альянсы қолға алыпты.
Салтанатты шарада сөз алған КПО компаниясының бас директоры Марко Марсили еліміздің Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов және басқалары Қарашығанақ кенішінің ел экономикасындағы орнына тоқталып, осы сала ардагерлерін марапаттады. КПО компаниясы өндіріспен қатар әлеуметтік жобаларды да ұмытқан емес. Соның айғағы – агробизнес орталығын құру жөнінде меморандумға қол қойылуы. Арнайы алаңда ауыл фермерлері тәжірибе алмасады, қаржылық көмек алады, сапалы өнім шығарады.
Марко Марсили, KPOBV компаниясының бас директоры:
- Аталған жоба аясында фермерлерге технология мен тәжірибе берілетіні біз үшін аса маңызды. Шаруалар жергілікті халықты қамтитындай жеткілікті мөлшерде өнім шығаратын болады.
Жоба мерзімі – 3 жыл. Оны жүзеге асырумен Орталық Азияның «Евразия қоры» айналысады. Бағдарлама менеджерінің сөзінше, агроорталықта фермерлерді көкөніс өсірудің заманауи негіздеріне үйретеді. Оқыту базасы, зертхана, тіпті демонстрациялық алаң болады. Бастапқыда 40 фермер ақпараттық және қаржылай көмекпен қамтылады.
Салтанат Ноғайбаланова, жоба менеджері:
- Фермерлерге жылыжай құрылысына шағын гранттар беріледі. Агробизнес орталықтың айналасында тиісті инфрақұрылым қалыптасқан кезде шаруалардың да саны көбейеді. Содан кейін шығарған өнімді бірлесе өткізуге мүмкіндік бар.
Ресми іс-шаралардың соңы Қарашығанақ кенішінің 45 жылдығына арналған салтанатты концертке ұласты.
Е. Жылқайдарұлы, Ербол Меңдіғалиев, Болат Жарылғасов