Хабар телеарнасы

«Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетіне 100 жыл толды

«Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетіне 100 жыл толды. Аймақ шежіресін бір ғасыр бойы парақтап келген мерзімді басылым – өңірде қазақ тілінде шыққан алғашқы газет. Айтулы күнге орай облыс орталығында «Жүз жыл жылнамасы» атты көрме ашылды. Сонымен қатар ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, журналистикаға үлес қосқан қаламгерлер марапатталды. 

«Ақтөбе» газетінің алғашқы саны 1924 жылдың маусым айында баспадан шыққан. «Кедей» деп аталған мерзімді басылым төте жазу, одан кейін латын қаріптерімен де жарық көрді. Құдайберген Жұбанов, Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев пен Өтежан Нұрғалиев сынды белгілі қаламгерлер еңбек еткен газет өңірдің айнасы болып, оқырманға ойлы дүние ұсынып келеді.

Нұрмұханбет Дияров, «Ақтөбе» газетінің ардагері:

-Газетіміздің мерекесі, жүз жылдық белес бұл аз емес. Бұрыннан қалыптасқан салт дәстүрлері бар. Ол дәстүр - жақсылықты жазу, елдің жағдайын мүмкіндігінше кеңінен ашып көрсету. Сол дәстүр сақталып, кейінгі жас буын қазіргі ұжымда соны лайықты ілгері алып келе жатыр.

Мерейтой облыстық музейде басталды. Газет тігінділері, тілшілердің сенімді серігі болған құрал-жабдықтар тізілген көрме басылымның ғана емес, өңірдің тарихынан сыр шертеді. Ақтөбенің жылнамасын бір ғасыр бойы жазып келе жатқан ақпарат құралының бүгінде тұрақты оқырмандары облыс тұрғындарымен шектелмейді.

Сәтжан Дәрібай, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы:

-Заман талабына сай газетте шыққан материалдардың барлығын сайтта жариялап отырамыз және де әлеуметтік желілердің барлығында парақшаларымыз бар. Фейсбукте, инстаграмда, телеграмда. Олардың барлығында да тұрақты оқырмандарымыз бар.

Қоғам қайраткерлері мен белгілі журналистер бас қосқан ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғасыр шежіресі Ақтөбе газеті энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Сонымен қатар басылымның бүгінгі қаламгерлері мен газет ардагерлері мерейтойлық медальмен марапатталды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов