Хабар телеарнасы

6 ақпаннан бастап «Хабар» арнасында «Бахар» телехикаясы көрсетіледі

«Хабар» арнасында жаңа телехикая көрсетіледі. 6 ақпаннан бастап арна көрерменіне «Бахар» драмалық сериалы ұсынылады. Бұл әдеттегідей қыз бен жігіт арасындағы махаббат оқиғасы емес. «Бахар» - әйелдің қоғамдағы рөлі, жетер биігі мен жан толғанысы өзекке айналған, достық пен сатқындық қатар жүретін, көрерменге ой тастайтын фильм. Өткен маусымда Түркияның ең көп қаралым жинаған телехикаясын арнамыздан көріңіздер! 

Екі баланың анасы Бахар - үй тіршілігіндегі әйел. Отбасының ұйытқысы үшін үйін таза ұстап, дәмді ас дайындап, отағасының қас-қабағына қарап, ата-енесінің бабын тауып келеді. Осы үшін де дипломын сандыққа салып, «дәрігер» боламын деген бала күнгі арманынан бас тартқан еді.

Бахар үшін мұндай сөздер қалыпты болып кеткен. Бірақ ойда-жоқта өмірі қыл үстінде тұрғанда, айналасына басқаша қарауына тура келді. Жетістікке жеткен, мансапқұмар күйеуінің опасыздығы, тағдырдың сынағы, жақындарының оған деген көзқарасы, бәрі-бәрі Бахардың көзін ашқандай!

140 сериядан тұратын фильмдегі актёрлер құрамы да ұтымды. Басты рөлге - Девкет Эдгар, Мехмет Йылмаз Ак, Бугра Гюльсой сынды есімдері әлемге танымал актерлар іріктелген. Ал Бахарды қазақша сөйлеткен дубляж актрисасы Ақмарал Әбдірахманова.

Ақмарал Әбдірахманова, дубляж актрисасы:

-Бір серияда Бахардың айтқан сөзі бар. «Неге біз жетістікке жеткен әйел деген кезде көз алдымызға жұмыс істейтін әйелді, іскер әйелді елестетеміз? Неге үй шаруасындағы әйелді емес? Балаға қарап жүрген ананы емес?» дейді. «Жұмыс істейтін әйелді жетістікке жеткен әйел деп айтамыз», - дейді. Сондай сұрақ қояды. «Неге?» деп.

Бұл сұрақтардың жауабын ол, медицинаға келіп, ақхалатты қайта кигенде түсіне бастайды. Жүрегі мейірімге толы Бахар, қоғамның озбырлығын да көреді. Осы жолда оның жан-дүниесін түсінетін дос пайда болады.

Мирас Жақып, дубляж актёры:

-Еврен енді басты кейіпкер. Жас жігіт. Бахардың ішкі жан дүниесін түсінетін. Бахар екеуі бір-бірін жақсы түсінеді, жақсы тіл табысады. Екеуі бір-бірімен сырларын бөліседі. Бір-біріне мұңын айтады.

«Бахар» өткен жылы ғана эфирге шыққан жаңа сериал. Дегенмен қазірдің өзінде әлем бойынша көп қаралым жинап, халықтың ықыласына бөленген фильм. Ал «Хабар» арнасының көрермендері бұл телехикаяны 6 ақпаннан бастап көре алады.

Авторлары: Алуа Маханбет, Абдулхамит Бөлекбаев