Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейді
Отбасы мүшелерін қасақана ұрып-соғып, денсаулықтарына жеңіл зиян келтіргендер енді қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін Ішкі істер министрлігі Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және Мәжіліс депутаттарымен заңға осындай түзету әзірледі. Оған сәйкес, сотқа агрессорды үйінен уақытша шығарып жіберу құқығы беріледі. Әрі сот оған психокоррекциялық жұмыстар тағайындай алады. Бұдан бұрын да, яғни 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері үшін жауапкершілік күшейгені белгілі. Содан бері 50 мыңнан астам өтініш қаралды. Материалдардың 64%-і бойынша әкімшілік іс жүргізілді. Қамауға алынғандар саны 2 есеге артты.
Ренат Зулхаиров, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
-Отбасылық зорлық-зомбылық жасаған әр азамат заңда мұндай әрекет үшін бес тәуліктен бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік көзделгенін білуі керек. Былтыр отбасылық жанжал бойынша 100 мыңнан аса өтініш тіркелді. 79 мыңнан астам құқықбұзушы әкімшілік, 1 мыңға жуық азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Астанада тапа тал түсте бойжеткенге шабуыл жасаған күдікті ұсталды. Қаскөй оқиға орнынан ізін суытпақ болған. Күзет патрульдері оны Семей қаласына кірер жолдағы «Ертіс» бақылау пунктінде ұстаған. Ол Шығыс Қазақстан облысының 35 жастағы тұрғыны болып шықты.
Диас Тоқатов, Астана қаласы Алматы аудандық Полиция басқармасының бастығы:
-12 ақпанда таңертең ол елорда тұрғынына шабуыл жасап қашып кетті. Жедел қызметкерлер қылмыс жасағаннан кейін елордадан кеткен күдіктінің жеке басын анықтады. Жеке құрам мен берілген қүштер ер адамды іздеуге және ұстауға бағытталды.