Хабар телеарнасы

Қ. Бишімбаев 24 жылға сотталды

Қоғамдық резонанс тудырған және сот тарихында бұрын-сонды болмаған сот ісі аяқталды. Бишімбаев 24 жылға сотталды.

Астана қаласының ауданаралық сотында азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевқа және оның сыбайласы Бақытжан Байжановқа сот үкімі шықты. Судья мерзімді алқабилер алқасымен ақылдаса отырып, әрі олардың дауыс беруі нәтижесінде осындай шешімге келген.

 Дамир Берікұлы, тілші:
- Сонымен біраз уақытқа созылған сот ісіне нүкте қойылды. Қуандық Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 99 және 110-бабы бойынша сотталды. Яғни өзіне тәуелді адамды ұзақ уақыт бойы жәбірлеу және қасақана асқан зорлықпен кісі өлтіру баптарына сай жазасын өтейтін болады.

Айжан Құлбаева, судья:
- Сот Бишімбаев Қуандық Уәлиханұлын 110 баптың 1 бөлігі 2 тармағы бойынша 7 жылға, ал 99 баптың 5 бөлігі 2 тармағы бойынша 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Алайда 58 бапқа сай жоғарыдағы мерзімдерді ішінара біріктіріп, Бишімбаевты 24 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылданды. Ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде өтейтін болады.

Судья екі баптың жазасына сай неге 27 жыл берілмегенін сотталушының кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескере отырып, қысқартылды деп түсіндірді.

Ал жаза мерзімі өткен жылдың қараша айынан бастап есептеледі. Яғни тұтқындалған кезінен бастап. Ал Бишімбаевтың сыбайласы саналған Бақытжан Байжанов Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша сотталды.

Айжан Құлбаева, судья:
- Байжанов Бақытжан Әмірханұлын сот Қылмыстық кодекстің 432 бабы бойынша айыпты деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Жазасын орташа қауіпсіз мекемелерде өтейтін болады. Ал жаза мерзімі 2023 жылдың 11 қарашасынан бастап, үкім күшіне енгенге дейін тергеу изоляторындағы 1 күні 1,5 күн болып есептеледі. 

Сотталғандар 15 күн ішінде үкімге шағым түсіріп, аппеляцияға арыз бере алады.

Айта кетейін, аталған сот ісі алқабилердің қатысуымен 27 наурызда басталған болатын. Содан бері 1,5 айдың ішінде 40 шақты сот отырысы өтті. Ал оның барлығын көпшілік онлайн көруге мүмкіндік алды. Бұл – сот тарихында бұрын-сонды болмаған жағдай. Аталған істің барысын тіпті шетел азаматтары да бақылады.

Ал Қуандық Бишімбаев бұған дейін де сотталған болатын. Ол 2018 жылы аса ірі көлемде пара алды деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айрылған. Алайда 1,5 жылдан кейін рақымшылыққа ілініп, түрмеден босатылған еді.

Дамир Берікұлы