Хабар телеарнасы

Биыл 1 100-ден астам пәтер ұрысы ұсталған

Ұрыдан сақ болыңыз! Жазғы маусымда ұры-қарылар да қарап жатпайды.

Ішкі істер министрілігінің мәліметінше, жыл басынан бері 1 мың 100-ден астам пәтер ұрысы ұсталған. Оның ішінде 59 қылмыстық топ және ел аралап жүретін 38 ұры бар. Мысалы, Алматыда 4 адамнан тұратын осындай топ пластик терезелерді ашып, бес үйді тонаған. Шығын көлемі 17 млн теңгеден асады. Ұрылар әдетте есіктерді бұзып, пластик терезелерді ашып және құлыптарға кілт таңдау әдістерін қолданады.

Маусымдық ұрлықтың тағы бір түрі – велосипед ұрлығы.

Шыңғыс Әлекешев, ҚР ІІМ ресми өкілі:

- 2023 жылы республика аумағында 2 528 велосипед ұрлығы тіркелді. Ал биыл бес айда осындай 880 қылмыс жасалып отыр. Мысалы, өткен жылы Астанада 25-тен астам велотехника ұрлаған сериялық ұры ұсталды. Барлық жағдайда қылмыскер дұрыс бекітілмеген және қараусыз қалған велосипедтерді қолды еткен.