Полиция қараусыз қалған үйлерді күзетіп жатыр – ІІМ
Су тасқыны болған аймақтардағы қараусыз қалған тұрғын үй мен басқа да нысандарды полиция күзетуде. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Қазір құтқару жұмыстары мен су тасқынының алдын алу шараларына ведомствоның 5 мыңнан астам қызметкері мен 800-ге жуық техникасы жұмылдырылыпты. Олардың күшімен 10 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге шығарылған. Сонымен қатар патрульдік полиция көлік қозғалысын реттеп, су басу қаупі бар ауыл тұрғындарын хабарландыру ісіне көмектесуде.
Шыңғыс Алекешев, ҚР ІІМ ресми өкілі:
- Полиция қараусыз қалған 965 тұрғын үй мен басқа да нысандарды күзетуде. 93 учаскеде, оның ішінде республикалық маңызы бар 8 учаскеде қозғалысты шектеу енгізілді. 3,5 мың автокөлік полицияның сүйемелдеуімен су басқан аймақтардан шығарылды.