Жамбыл облысында интернет-алаяқтық өршіп тұр
Биыл Жамбыл облысында интернет-алаяқтық өршіп тұр. Олардан зардап шеккендердің қатары өткен жылмен салыстырғанда 30% артқан. Басым көпшілігі егде жастағы адамдар. Ал құзырлы орган өкілдері құқықбұзушылықпен күресу үшін телеграм бот әзірлеп, іске қосты. Қылмыстың алдын алуға оның әсері бар ма?
Шолпан Көпбосынова 4 жыл бұрын алаяқтардың арбауына түскен. 57 жастағы тұрғынның телефонына біреулер «биткойннан ақша табуға болады» деген хабарлама жіберген. «Салған қаржың айналдырған 3-4 айда 10 есе көбейеді»,– деп уәде береді. Содан 450 мың теңгесін арнайы жасалған сайтқа аударған. Көп ұзамай ол жүйе істен шығады. Бірақ алаяқтар онлайн жиын өткізіп, 3 жыл бойы «қаржыңыз өсіп жатыр» деген желеумен салымшыларды алдап отырған.
Шолпан Көпбосынова, қала тұрғыны:
-Бір ай ішінде 3-4 мәрте жиналыс болды. 31 желтоқсан күні жабылып қалды кабинеттері ма.. Ештеңе ашылмай елдердің барлығы шу ете қалды. Оны кез келген кезде алуға болады деді. Тек қазір алудың қажеті жоқ, себебі биткойн көтеріліп болмады. «Оның потенциалы әлі алда сабырлық сақтаңдар күтіңдер»,– дегеннен кейін біз отыра бердік.
Қазір іс бойынша да күдіктілер ұсталып, салымшылар қаржысы қайтарылып жатыр. Прокуратура мамандарының сөзінше, былтыр аймақта 160 адам интернет алаяқтарынан зардап шексе, биыл 223 тұрғын ақшасынан айырылған. Сондықтан күдікті адамдар қоңырау шалса, бірден құқыққорғаушыларға хабарласқан абзал. Аймақта интернет қылмыстың алдын алу үшін «CYBER SHEKTEU TARAZ» жобасы іске қосылды.
Берік Төлеуов, Жамбыл облысы прокурорының көмекшісі:
-Бұл телеграм тәулік бойы жұмыс жасайды. Телеграм ботқа облыс тұрғындары хабарламалар берген жағдайда хабарламалар тексеріліп, оларды бұғаттау шаралары көрілетін болады.
Тұрғындар телеграм ботқа интернет желісіндегі күдікті сілтемелерді, телефон нөмірлер мен әлеуметтік желідегі хабарламаларды жібере алады. Бұл деректер бірден «Кибернадзор» жүйесіне енгізіліп, басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталады. Қазірдің өзінде желіге 48 хабарлама келіп, оның 10-ы бұғатталды.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә