Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында 11 айда есірткіге қатысты 478 қылмыс тіркелді

Жамбыл облысында 11 айда есірткіге қатысты 478 қылмыс тіркеліпті. Былтырға қарағанда 15% төмен. Құзырлы орган қызметкерлері биыл қарасора өсетін біраз аумақты анықтап, жойған.

Тараз қаласындағы №25 түзету мекемесінде 800-ге жуық адам жазасын өтеп жатыр. 106-сы есірткі қылмысы бойынша сотталған. Солардың бірі – 23 жастағы Нұрасыл. Ол 2 жыл бұрын Алматы қаласындағы медициналық университетте оқыған. Оқу мен пәтер ақысын төлей алмай жүргенде, әлеуметтік желідегі жеңіл ақша табудың жарнамасын көзі шалады. Содан екі ауылдасымен бірге бір аптадай «мефедрон» тасыған. Бірақ сол сәтте-ақ полицияға ұсталып, әр қайсысы 10 жылға сотталды.

Нұрасыл, жазасын өтеуші:            

-Оқу қарыздарыңнан құтыласың аз уақытта деген сияқты адамды көндіру мақсатында. Ал біз өзіміз ондай сомма алмадық. Жұмысын істетіп, ақшасын бермей алдап, мүмкін басқа біреулерді үй ішімен қорқытса біреуді ақшасымен, біреуді денсаулығымен қорқытып сөйтіп істеткізеді. Егер қолынан келмесе небір жағдайларға ұшыратқызады ғой.

Мамандар есірткі сату арқылы жеңіл табыс тапқысы келетіндердің артып бара жатқанын алаңдаулы. Мәселен, биыл қыркүйекте Шу ауданының мектеп мұғалімі 1 килограмнан аса синтетикалық есірткіні сақтап, сатқаны үшін абақтыға қамалды. Прокурорлар көлеңкелі кәсіптен пайда тауып, кінәсізге жала жабатын полиция қызметкерлерін де анықтаған.

Мұхамеджан Мансұр, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:            

-2 полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс тіркелген. Олар мынау күдіктіні жауаптылықтан босату үшін оның қаражатын иемденген. Осы жылдың екінші жартыжылдығында арандату фактілері бойынша прокуратурамен 6 қылмыстық іс тіркелген.

Жыл басынан бері аймақта 6,8 тонна есірткі тәркіленіп, жойылды. Оның 95% жуығы марихуана болса, қалғаны гашиш, героин және синтетикалық есірткі. Сонымен қатар ауқымды қарасора алқабы анықталып, 1 тоннадан асасы жойылды. Қылмыстың алдын алу үшін өңірде «үйлестіру кеңесі» жұмыс істеп жатыр. Оның құрамында прокуратура, полиция, төтөнше жағадайлар департаменті мен жергілікті биліктің басшылары бар.

Мұхамеджан Мансұр, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:     

-Есірткісіз болашақ жобасы жүзеге асуда. Тергеу мен жедел іздестіру қызметінің сапасы айтарлықтай жақсарды. Нарко шектеу Тараз телеграм ботының жұмысы жалғасуда. Мысалы, 11 айда 2986 сайт бұғатталып, 289 графити жойылған.

Жыл басынан бері өңірде есірткі қылмысына қатысты 38 топ анықталды. 2 фитолаборотория мен тағы бір есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә