Өзбекстандағы хайуанаттар бағында қайғылы жағдай болды
Өзбекстандағы хайуанаттар бағында қайғылы жағдай болды. Ташкент облысының Паркент ауданына қарасты «Lion Park» жекеменшік мекемесінде 3 арыстан тордан шығып кетіп, күзетшіні талап өлтірген. Оқиға таңғы уақытта болған. Полиция өкілдерінің айтуынша, зообақ есігі ашық қалып, сол сәтте 3 жыртқыш тысқа шығып кетеді. Оларды торға қайтармақ болған 44 жастағы ер адам шабуылға тап болып, көз жұмады. Кейін мекеменің өзге күзетшілері арыстанның екеуін транквилизатормен ұйықтатып, торға қайта қамаған. Ал үшіншісін аңшы атып тастады. Қазір осы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Жергілікті билік мәлім еткендей, халыққа еш қауіп жоқ. Қайғыға еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы себеп болды. Айта кетейік, көрші елде келер жылдан жыртқыш аңдарды цирктер мен көшпелі хайуанттар бағында ұстауға тыйым салынады. Елде тиісті заң жобасы қабылданды.
Александр Казаков, Өзбекстанның экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бас маманы:
-Әлемнің көптеген елі жабайы жануарларды циркте немесе зообақта ұстау тәжірибесінен бас тартып жатыр. Мәселен, Үндістан 2009 жылы пілдерді табиғатқа жіберу туралы шешім қабылдаған. Ондай елдер қатары жыл санап артуда. Бұған бірнеше себеп бар. Ең алдымен, жабайы аңдардың өте ауыр жағдайда ұсталатыны, үйретушілердің қатігездігі жайлы дерек көп. Ойын тамашалауға барған бала не ересекке жыртқыш шапқан кездер де аз емес.