Хабар телеарнасы

Түркістан облысында білім бөлімінің қызметкерлері ₸12 млрд жымқырған

Түркістан облысының 8 ауданында білім бөлімінің қызметкерлері 12 млрд теңге көлемінде қаржы жымқырды. Облыстық прокуратура мен Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері аса ірі көлемде қаржы ұрлаған 165 адамға қатысты тергеуді аяқтап, қылмыстық істерді сотқа жолдады. Қазір алты ауданның білім саласы қызметкерлеріне қатысты сот отырысы өтуде. Сауран ауданы бойынша алғашқы сот үкімі шықты.

Түркістан қалалық соты Сауран ауданы білім бөлімінің бұрынғы басшысы мен есепшісін 7 жылға бас бостандығынан айырды. Тағы екі есепші 7 жылдан шартты жаза арқалады. Оларға білім беруге бөлінген 29 млн теңгені жымқырды деген айып тағылып, сот барысында кінәлары дәлелденді.

Жетісай мен Шардара ауданының білім бөлімі қызметкерлеріне қатысты іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Өйткені қылмыстың ауырлығы мен айыпталушылар санының көптігіне байланысты сот алқа билердің қатысуымен өтіп жатыр.

Мәселен, Жетісай ауданы бойынша айыпталушылар саны 46 адам болғандықтан, сот отырысы спортзалға ауыстырылды. Тергеу барысында бұл ауданда 4 млрд теңгеден аса қаржы ұрланғаны анықталған.

Нұрғали Бейімбетов, облыстық прокуратура басқармасы бастығының орынбасары:

- Білім саласындағы жымқыру фактілеріне негізінен сол білім бөлімдерінің басшылары, бас есепшілері, есепшілер және де экономистер кейбір істер бойынша жауапкершілікке тартылған. Жалпы осы 8 іс бойынша 140-тан астам адам күдікті ретінде танылды. Бәйдібек қазір танысу сатысында, қалған 7 іс сотқа жолданды.

Шардара ауданы бойынша қылмыстық іс 730 томнан асты. 14 адам айыпталушы. Ал Мақтаарал ауданында 44  адамға айып тағылса, Келес ауданында 24, Сарыағаш пен Созақ аудандарында 15 адамнан жауап алынуда.

Олжас Мүсілім, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқарма басшысының орынбасары:

- Бухгалтер болып қызмет атқарып жүріп, сол мектеп саласында жұмыс істейтін мұғалімдердің тұсына өздерінің таныстарын, жора-жолдас, әке-шешесі, бауырларының ЖСН мен карточкалық счетын жазу арқылы ақшаны аударып отырған. Соны өздері қолма-қол шешіп отырған. Бұл ақшалар үнемделген ақшалардан ұрланған қаржы болып табылады.

Қазіргі таңда айыпталушыларға күзетпен ұстау және үй қамаққа алу шарасы қолданылған. Жеңіл ақшамен алынған дүние мүліктеріне тыйым салынып, мемлекеттің қаражаты ішінара қайтарылып жатыр.

Ақбұлан Салыбекұлы, облыстық прокуратура басқармасының бастығы:

- Мемлекет қаржысын жымқыру 2020-2023 жыл аралығында орын алған. 12 млрд теңгеге жуық қаражат жымқырылғаны анықталды. Тергеу барысында жалпы 1,4 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылды. Күдіктілерге тиесілі 2,6 млрд теңгенің мүлікке тыйым салынды.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Бәйдібек ауданында 18 күдіктіге қатысты қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды. Қазір күдіктілер айыптау актісімен танысып жатыр. Барлық айыпталушыға тағылған бап бойынша қылмыстары дәлелденсе, 7 жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш